Қазақстанда медициналық дербес деректерді бірыңғай мемлекеттік қоймаға топтастыру және цифрлық экожүйені дамыту арқылы саладағы жасанды есептер мен қаржылық олқылықтарды жоюға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды. Freedom Talk MedTech жиынында сөз сөйлеген «Freedom Lab» серіктестігінің бас директоры әрі MED360 компаниясының басқарушы директоры Шыңғыс Құлахметов денсаулық сақтау саласының цифрлық болашағы мен жаңа сервистер туралы көзқарасымен бөлісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Деректерді бірыңғай жүйеге келтіру
Медициналық ақпараттық жүйелердің басын қосып, ортақ стандартқа түсіру — бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі. Денсаулық сақтау министрлігі емдеу мекемелеріндегі сан алуан ақпарат ағынын бір орталыққа тоғыстыратын бірыңғай қойма құруға кіріскен.
Спикер мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласына қатысты дербес деректерді бір жерде сақтау туралы тапсырмасын еске салып, серіктестіктің техникалық қолдау көрсетіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат — қайталанатын және қате жазбаларды тазарту.
«Соңғы бір жарым-екі жылда көп нәрсе өзгерді. Әсіресе Денсаулық сақтау министрлігінде елеулі өзгеріс бар. Қазір медициналық ақпараттық жүйелердегі деректер министрлікке тиесілі бірыңғай қоймаға түседі. Біз банк тарапынан сол қоймамен интеграция жасауды жоспарлап отырмыз. Қоймада деректер бір стандартқа келтіріліп, қате жазбалар түзетіледі. Біз бұл бағытты жақсы білеміз әрі министрлікке технологиялық жағынан көмектесіп келеміз», – деді Шыңғыс Құлахметов.
МӘМС қаржысы және «өлі жандармен» күрес
Қоғамда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатының талан-таражға салынуы, көрсетілмеген қызметтерді қағаз жүзінде жазып қою және жүйеде «өлі жандардың» емделгендей көрсетілуі өткір талқыланып келеді.
Компания жетекшісі цифрландыру мен ортақ дерекқордың осындай заңсыздықтарды әшкерелеуде шешуші рөл атқаратынына тоқталды. Жүйелер бір арнаға тоғысқан сайын жалған қызметтерді жасыру мүмкін болмай қалмақ.
«Деректер бір жерге жиналған сайын жалған тіркеу мен көрсетілмеген қызмет туралы жазбаларды анықтау жеңілдейді. Қазір eGov жүйесіндегі электрондық денсаулық паспортынан өзіңізге қатысты жазбаларды көруге болады. Қаржы министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі осындай деректерді анықтау жұмысын жүргізіп жатыр. Бірыңғай деректер қоймасы жалған жазбалардың алдын алып, саладағы ашықтықты арттыруға септігін тигізеді», – деп түсіндірді ол.
Дәрігерлер рейтингі мен пікірлердің шынайылығы
Freedom SuperApp ішіндегі «Менің денсаулығым» бөлімінде жұмыс істейтін iDoctor сервисі пациенттерге дәрігерлерді рейтинг пен пікірлер арқылы таңдауға мүмкіндік береді. Қазір платформада 100 мыңнан астам пікір жинақталған.
Шыңғыс Құлахметов желідегі жазбалардың шынайылығы қалай қорғалатынын ашып айтты. Оның сөзінше, кез келген пікір қатаң модерациядан өтеді және тек қабылдауда нақты болған пациенттердің тәжірибесіне ғана басымдық беріледі. Дәрігер мен пациенттің арасындағы құпиялылық сақталып, науқастың жеке деректері медицина маманына жария етілмейді.
«Пікір қалдырған адамның байланысын дәрігерге бермейміз. iDoctor арқылы қабылдауға жазылып, төлем жасаған пациенттің бағасына көбірек сенім артамыз, өйткені оның сол дәрігердің қабылдауында болғанын нақты растай аламыз. Сонымен бірге бір қателік дәрігердің беделіне өмір бойы таңба болмауы керек. Сол себепті рейтинг жай арифметикалық орташа көрсеткішпен есептелмейді: уақыт өткен сайын ескі пікірдің салмағы азайып, кейінгі бағалаудың ықпалы артады», – деді «Freedom Lab» бас директоры.
Бұған қоса платформада пациенттерге қолдау көрсететін арнайы кепілдік бағдарламасы жұмыс істейді. Егер адам қабылдаудың сапасына көңілі толмаса немесе дәрігер тарапынан орынсыз әрекеттер орын алса, мән-жай тексеріліп, қаражатты кері қайтару немесе өзге маманға тегін қаралу мүмкіндігі ұсынылады.
Дронмен жеткізу: медицинадағы жаңа қадам
Технологиялық даму тек ақпараттық жүйемен шектелмейді. Сервистік бағытта дәрі-дәрмектерді тұтынушыға жеткізудің заманауи логистикалық жолдары да сынақтан өткізілуде.
Басқарушы директор бұған дейін азық-түлік жеткізуде қолданылған дрондардың енді фармацевтика саласына бейімделіп жатқанын жеткізді. Жаңа бастама арқылы қажетті дәрі-дәрмектерді арнайы дрон арқылы тасымалдау қызметі алдағы жылы ауқымды түрде кеңейтілмек. Бұл жедел көмек пен цифрлық сервистің үйлесімін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







