Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Шымкентте ауқымды «Shymkent AI Forum — 2026» жиыны өтті. Көрме орталығында бас қосқан 500-ге жуық маман креативті индустрия, заманауи стартаптар мен жасанды зерде тоғысқан жаңа жобаларды таныстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бүгінде цифрлық жобалар қарапайым қызмет шеңберінен шығып, креативті экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Мейрамхана бизнесін автоматтандырумен айналысатын отандық Coyote стартапының жетекшісі Асылжан Ақылбеков жаңа дәуірде креативті ойлаудың мәні артқанын атап өтті. Оның пайымдауынша, жасанды зерде код жазуды жеңілдеткенімен, бірегей контент пен идея табу басты құндылық болып қала бермек.
«Бұрын идея көп болып, жобаны іске асыру жағы ақсайтын. Қазір жасанды интеллект дәуірінде көбіне жақсы идеялар жетіспейді, ал оны жүзеге асыру тетіктері толық бар», – деді ол.
Кәсіпкер Орталық Азиямен шектесетін Шымкенттің цифрлық өнімдерді экспорттайтын қолайлы хабқа айналып келе жатқанын жеткізді.
Форум алаңында денсаулық сақтау мен шығармашылық технологиялар қатар ұсынылды. Galamat Group командасы Стэнфорд университетінің StartX бағдарламасында диабеттік ретинопатияны анықтайтын алгоритмді дамытып жатса, AI Sport қосымшасы жаттығу техникасын арнайы құрылғысыз-ақ камера арқылы бағалайтын жаңа фитнес-мәдениетті паш етті.
Шараның ең тартымды бөлігі – оқушылардың робототехника аймағы болды. FIRST Tech Challenge бағдарламасына қатысушы жас өнертапқыштар геймпадпен басқарылатын құрылғылар мен дрондарды көпшілік назарына ұсынды. «Overtime» командасының мүшесі Әлжан инженерлік өнерді халық игілігіне жұмсауды басты парыз санайды.
«Мақсатымыз – жай ғана жеңіске жету емес, мейлінше көп аудиторияны қамтып, ғылым мен инженерияға адамдарды көбірек тарту. Біздің басты міндет – адамдардың өмірін жеңілдетіп, елімізді дамыту», – деді жас өнертапқыш.
Шымкентте өткен жиын цифрлық шешімдердің тек мемлекеттік аппаратпен шектелмей, жастардың шығармашылық әлеуетін, дизайн мен инженерияны тоғыстырған креативті индустрияға серпін беретінін көрсетті. Шығармашыл жастар мен жергілікті IT экожүйенің үндесуі мегаполисті технологиялық жаңалықтардың орталығына айналдыруға сенімді қадам болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







