Шымкентте 21 қараша күні шетелде білім алуға арналған халықаралық көрме өтеді. Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінде ұйымдастырылатын шараға 19 елден 160-тан астам университет пен білім беру орталығы қатысады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көрмеде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Италия, Чехия, Түркия, Швейцария, Оңтүстік Корея, Сингапур, Австралия, Канада, Қытай және басқа мемлекеттердің оқу орындары таныстырылады.
Қатысушылар қатарында Hult International Business School, Constructor University, Özyeğin University, Bahçeşehir University, Asia Pacific University of Technology & Innovation және HTMi бар. Study Group, Navitas, Oxford International және Kaplan International Pathways секілді дайындық бағдарламаларының провайдерлері де келеді.
Көрменің мазмұны мен бағдарламасы
Көрменің негізгі аудиториясы – 9–11-сынып оқушылары, студенттер, ата-аналар мен жас мамандар. Келушілер шетелдік университет өкілдерімен тікелей сөйлесіп, оқуға түсу талаптары, оқу ақысы және тұру жағдайы жөнінде мәлімет алады.
Бағдарлама орта білім, Foundation, бакалавриат, магистратура, MBA және тілдік курстарды қамтиды. IT, инженерия, бизнес, менеджмент, қаржы, қонақүй ісі мен туризм мамандықтарына қатысты жеке кеңес беріледі.
Мамандар гранттар мен стипендиялар, визалық рәсімдер, IELTS, TOEFL және SAT емтихандарына дайындық тәртібін түсіндіреді. Сонымен қатар жазғы тілдік лагерьлер мен шетелдік университет кампустарына ұйымдастырылатын таныстыру сапарлары таныстырылады.
Көрменің мақсаты – оңтүстік өңір жастарының халықаралық білім алу мүмкіндігін кеңейтіп, оқу орнын саналы таңдауға көмектесу. Осындай тікелей диалог талапкерлерге делдал ақпаратқа сүйенбей, нақты сұрағына университет өкілінің өзінен жауап алуға жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







