Америка Құрама Штаттарындағы алып деректер орталықтарының электр энергиясын тұтыну көлемі кейбір дамыған мемлекеттердің жылдық көрсеткішінен асып түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Гарвард университетінің ғалымдары жүргізген және Nature Sustainability ғылыми журналында жарияланған тың зерттеу осыны көрсетті. Мамандар 2024 жылдың мамыры мен 2025 жылдың сәуірі аралығында АҚШ аумағындағы 403 гипермасштабты деректер орталығының қызметін жерсеріктік түсірілімдер мен қуат қуаттылығы негізінде егжей-тегжейлі зерттеген. Нәтижесінде бұл нысандар бір жылда шамамен 82 тераватт-сағат (ТВт·сағ) электр қуатын пайдаланғаны анықталды. Қуатты пайдалану деңгейіне қарай бұл көрсеткіш 68-ден 99 ТВт·сағатқа дейін жетуі мүмкін.
Аустрия мен Даниядан да көп тұтынады
Салыстыру үшін айтсақ, орташа 82 ТВт·сағаттық сұраныс тұтас АҚШ-та тұтынылатын барлық электр қуатының 1,8 пайызына пара-пар. Бұл көлем халықаралық деңгейде талай елдің жылдық қажеттілігінен асып тұр. Мәселен, 2024 жылы Венесуэла — 63,35, Аустрия — 61,6, ал халқы шамамен алты миллионды құрайтын Дания 36,06 ТВт·сағат қуат пайдаланған. Тіпті соғыс жағдайындағы Украинаның өзі 87,26 ТВт·сағат тұтынғанын ескерсек, 400-ден астам сервер ғимаратының тәбеті мемлекеттік көлеммен бәсекелесе алады.
Гарвард зерттеушісі бұл ғимараттардың үздіксіз жұмыс режимін алып өндіріс орындарымен салыстырды.
«Сіз жолдаған әрбір хат, жүктеген сурет, көрген бейнежазба немесе жасанды интеллектіге қойған әр сұрағыңыз осындай ғимараттар арқылы өтеді. Бұл іс жүзінде ешқашан ұйықтамайтын алып зауыт тәрізді», – деді ғылыми жұмыстың жетекші авторы Жанлука Гуиди.
Энергия тапшылығы және экологиялық қатер
Алып инфрақұрылымдар тек қуатты көп жұмсап қоймай, қоршаған ортаға да орасан қысым түсіруде. Зерттеуге сәйкес, деректер орталықтары пайдаланған энергияның 54 пайыздан астамы қазба отындарын (табиғи газ — 38%, көмір — 15%) жағу арқылы өндірілген. Соның салдарынан қарастырылған кезең ішінде атмосфераға 25,7 миллион тонна көмірқышқыл газы шығарылды.
Сонымен бірге экологиялық салмақ серверлер орналасқан штатқа тікелей байланысты болып отыр. Мәселен, көмір өндірісіне арқа сүйейтін Вайоминг штатындағы орталықтардың қоршаған ортаны ластау деңгейі су электр станциялары басым Орегонмен салыстырғанда жеті есе жоғары екені белгілі болды.
Солтүстік Американың сенімділік корпорациясы (NERC) алдағы онжылдықта жаңа қуат көздерін іске қосу қарқыны тұтынушылық сұранысқа ілесе алмау қаупі бар екенін ескертеді. Мұның белгілері қазірдің өзінде Техас штаты сияқты оқшауланған энергия желілерінде айқын байқалуда. Электр қуатының қатты тапшылығы кейбір өндірістік салаларды қайтадан дәстүрлі отын түрлеріне жүгінуге мәжбүрлеп жатыр.
Сарапшы бүгінде жасанды интеллект нарығының өте қарқынды дамып бара жатқанын жеткізді.
«Деректер 2025 жылдың көктемінде түйінделді, ал жасанды интеллект өлшемімен алғанда бұл көне тарихқа айналды. Сала кез келген адам бақылап үлгеретін деңгейден әлдеқайда жылдам ұлғайып келеді», – деп толықтырды Жанлука Гуиди.
Қазір АҚШ бойынша тағы екі мыңға жуық жаңа деректер кешенінің жобасы әзірленіп жатыр. Сондықтан жасанды интеллект технологияларын дамыту мен энергетикалық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау жаһандық деңгейдегі күн тәртібіне шықты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







