Америкалық миллиардер Джеффри Эпштейннің Ресейдегі ықпалды ортамен байланысы мен посткеңестік елдерден қыздарды тарту жүйесі жайлы жаңа деректер белгілі болды. Reuters агенттігі жүргізген ауқымды зерттеу қаржыгердің тек жас қыздарды ғана емес, сонымен бірге орыс олигархтары мен Кремль өкілдерін пайдаланып, өз беделін қалпына келтіруге тырысқанын көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Посткеңестік елдерден табылған 17 құрбан
Журналистік зерттеу мәліметінше, Эпштейн құрған жыныстық қылмыстар желісіне бұрынғы КСРО елдерінен кем дегенде 17 әйел тартылған. Оларды табу мен АҚШ-қа жеткізуде қаржыгердің жақын серігі, 2022 жылы тергеу абақтысында көз жұмған француздық модель скауты Жан-Люк Брюнель жетекшілік еткен MC2 Models агенттігі басты рөл атқарған.
Жас қыздарға халықаралық сән әлемінде мансап жасау, соның ішінде Victoria’s Secret брендімен жұмыс істеу уәде етілген. Алайда АҚШ-қа келген бойда олар қаржылық тәуелділікке түсіп, Эпштейн тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Мәселен, ресейлік жәбірленуші Светлана Пожидаева дәл осындай алдау жолымен торға түскенін растаған.
Бұрынғы модель Тисия Хейсман 1991 жылдың өзінде Парижде өткен Брюнельдің кешінде Эпштейннің қасында жасөспірім ресейлік қызды көргенін мәлімдеді.
«Ол қыз сән саласындағы жұмыстың мардымсыз екенін, бірақ «Джеффри оған қамқорлық жасайтынын» айтты. Ол кезде мен 18-де едім, ал ол менен әлдеқайда жас көрінетін», – деп еске алады бұрынғы модель Тисия Хейсман.
2002 жылғы сапар мен құпия қала
Ұшу журналы мен тергеу деректеріне сәйкес, Эпштейн 2002 жылдың қарашасында жеке ұшағымен Ресейге арнайы барған. Оның жанында серіктесі Гилейн Максвелл мен Жан-Люк Брюнель болды. Бұл сапарға қаржыгердің Манхэттендегі зәулім үйінің бір бөлмесін Санкт-Петербургтегі Александр сарайының әйгілі сирень бөлмесінің түсіне ұқсатып бояғысы келгені себеп болған делінеді.
Мәскеуге аялдаған кезде оларды брондалған көліктер мен қарулы күзет қарсы алып, кәсіпкер Умар Джабраилов ұйымдастырған кешке қатысқан. Бұдан бөлек, құжаттар Эпштейннің 1998 жылы Ресейдің жабық ядролық зерттеу орталығы – Саров қаласына барғанын және 2002-2019 жылдар аралығында үздіксіз Ресей визасына ие болғанын көрсетті.
Олигархтар арқылы Путинге шығу жоспары
2008 жылы Флорида штатында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған соң, Эпштейн Батыстағы беделінен айырылды. Содан кейін қаржыгер өзін халықаралық экономикалық кеңесші ретінде көрсету үшін Ресей элитасына иек артуға көшкен.
Ол ресейлік миллиардерлер Владислав Доронин және Олег Дерипаскамен байланыс орнатуға тырысты. Сонымен қатар Ресейдің бұрынғы экономикалық даму вице-министрі Сергей Беляковпен тығыз хат алмасып тұрған.
Эпштейн өзінің халықаралық байланыстарын алға тартып, Ресей басшылығымен тікелей кездесуге жол іздеген.
2015 жылы Эпштейн Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Барактан Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу ұйымдастыруды өтінген. Қаржыгер жаһандық қаржы жүйесі бойынша ұсыныстарын талқылағысы келетінін айтқан. Алайда тергеушілер Эпштейн мен Путин арасында қандай да бір кездесу өткенін растайтын нақты айғақ таппады.
2019 жылы Нью-Йорк түрмесінде көз жұмған қаржыгердің ісі бойынша тергеу әлі де тоқтаған жоқ. Оның құрбандары мен құқық қорғаушылар ықпалды қылмыстық жүйенің барлық қатысушыларын жауапқа тартуды талап етуді жалғастырып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







