Сауд Арабиясы мұнай дәуірінен кейінгі алаңсыз, жоғары технологиялы болашақты жоспарлап отырған шақта, Йемендегі хуситтердің күтпеген екпіні корольдікті қауіпті қарулы қақтығыстың ортасына сүйреп әкелді. АҚШ-тың The Atlantic басылымында жарық көрген зерттеуде көтерілісшілердің енді қарапайым жасақ емес, өңірлік державаны тығырыққа тіреген әскери күшке айналғаны баяндалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Эр-Риядтағы үрей мен әуежайға соққы
Америкалық журналист Роберт Уорт Эр-Риядтағы салтанатты сауда орталығында йемендік әскери шенеунікпен кездескен сәтін сипаттайды. Олар кофе ішіп, оңтүстіктегі майдан жайын талқылап отырғанда, барлық келушінің телефонында зымыран шабуылы туралы дабыл қатар іске қосылған. Сүт пісірім уақыттан кейін ғимарат үстінен зымырандарды атып түсірген күшті жарылыстар жаңғырып, тыныш өмірге үйренген халық арасында үрей тудырды.
Сарапшылардың айтуынша, хуситтер жиі қайталанатын шабуылдары арқылы корольдік экономикасын кез келген уақытта тұралатып тастай алатынын дәлелдеп келеді. Қазан айының ортасында Эр-Риядтың басты әуежайына жасалған соққыдан кемінде 14 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын жараланды. Шабуылдан кейін бір айдан астам уақыт өтсе де, әуе айлағындағы ұшулар толық қалпына келген жоқ. Корольдіктегі жағдайдың күрделі екенін жергілікті қайраткерлер де мойындауға мәжбүр.
«Корольдік бүгінде өз тарихындағы ең қауіпті дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр», – деп мәлімдеді саудиялық танымал публицист Абдуррахман әл-Рашид жергілікті подкасттардың бірінде.
«Араб әлемінің Солтүстік Кореясы»
Саудиялық және йемендік лауазымды тұлғалар корольдік бұрын-соңды хусит қаупіне дәл қазіргідей алаңдамағанын ашық айтады. Қарулы топ енді он жыл бұрынғы көтерілісшілердің деңгейінен әлдеқайда асып түсті. Бүгінде олар тұйықталған, тісіне дейін қаруланған және өңірге толық сес көрсете алатын фанатикалық «шағын мемлекетке» айналып үлгерді.
Басылым дерегінше, жасақтар жасанды интеллект көмегімен қару-жарақ өндіруді жолға қойып, Украинадағы соғыс тактикасын мұқият зерттеген. Ақпараттық кеңістіктегі күресте олар тіпті қарсыластарынан озып тұр. Көтерілісшілер бұрын тек Иранның көмегіне сүйенсе, енді оларға Ресей, Қытай және Солтүстік Корея тарапынан да қолдау көрсетіліп жатқаны айтылады. Талдаушылар жақын болашақта хуситтердің тіпті өздерінің басты демеушісі саналатын Тегераннан да қауіптірек болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Оған қоса, бақылауындағы аймақтарда топ қорғанысты мықтап бекіткен. Basha Report тәуекелдерді бағалау орталығының жетекшісі Мұхаммед әл-Башаның сөзінше, көтерілісшілер Ходейда қаласының астында тұтас жерасты бекіністер жүйесін тұрғызған. Сарапшы бұл бекіністерге шабуыл жасау Газа секторына басып кірумен пара-пар болатынын ескертеді.
Майдандағы шегініс: Таиз қоршауы мен Аден қаупі
Йемен жеріндегі майдан шебінде де жағдай шиеленісіп барады. Қазір көтерілісшілер елдегі ірі қалалардың бірі саналатын Таизді бірнеше аптадан бері қоршауда ұстап отыр. Егер бұл шаһар құласа, хуситтердің алдында Йеменнің ресми үкіметі мен әскери штабы шоғырланған Аденге баратын жол ашылады.
«Аденді қорғау үшін дәл қазір айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ», – деп ескертті Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдарында қызмет атқарған сарапшы Генри Томпсон.
Сауд әскерінің осал тұсы және жалдамалы жасақтар
Сауд билігі осындай ауқымды асимметриялық соғысқа бейімделмеген болып шықты. Тарихи тұрғыдан алғанда, билік әулеті ел ішінде төңкеріс жасауға қабілетті қуатты кәсіби армия құрудан үнемі сақтанып келді. Соның салдарынан Эр-Рияд өз азаматтарын қанды майданға аттандыруға асықпай, Йеменде тек элиталық арнайы жасақтарды ғана ұстап отыр.
Өз шекарасын қорғау мақсатында сауд тарапы Пәкістан мен Сириядан мыңдаған сарбаз әкелу туралы мәмілелер жасаған. Дегенмен, шеттен жалданған күштерге арқа сүйеу нақты шабуыл қаупі туындағанда жеткіліксіз болуы мүмкін. Нәтижесінде, жарқын экономикалық серпіліске үміт артқан монархия өз қауіпсіздігіне балта шабатын ең ауыр әскери тығырыққа тірелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







