Шымкент қалалық Creative Hub орталығында сәулет пен интерьер дизайнына қызығатын жастарға арналған тәжірибелік кездесу ұйымдастырылды. Қатысушылар кеңістікті тиімді жоспарлау, түстерді үйлестіру және заманауи дизайнерлік шешімдерді қолдану тәсілдерін үйренді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шеберлік сабағы дәстүрлі дәріс түрінде емес, ашық әңгіме мен практикалық талдау форматында өтті. Мамандар кез келген бөлмені безендіру жұмысы әдемі жиһаз таңдаудан басталмайтынын түсіндірді. Алдымен кеңістіктің міндетін, көлемін, жарықтың түсу бағытын және оны пайдаланатын адамның қажеттілігін анықтау маңызды.
Жастар интерьер әзірлеу кезінде түс, пішін, жарық пен материалдың өзара байланысына назар аударды. Бір қарағанда ұсақ көрінетін бөлшектің өзі бөлменің жалпы сипатына әсер ететіні айтылды. Қатысушылар мамандарға сұрақ қойып, өз идеяларын талқылап, жобаға айналдырудың жолдарын білуге мүмкіндік алды.
Creative Hub қызметі сәулет және дизайнмен ғана шектелмейді. Орталықтағы арнайы шеберханаларда тігін ісінің негіздерін меңгеруге, сурет салуға және қолмен жасалатын авторлық бұйымдар әзірлеуге болады. Мұнда шығармашылықпен айналысқысы келетін тұрғындар мен дағдысын дамытуды көздейтін жастарға жағдай жасалған.
Орталықтың басты ерекшелігінің бірі – мамандармен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі. Қала тұрғыны шығармашылық идеясына қатысты кеңес алып, қажетті материалды таңдау, жұмысты жоспарлау немесе дайын өнімді жетілдіру бойынша ұсыныс сұрай алады. Мұндай қолдау адамның ойындағы жобасын алғашқы нобайдан нақты нәтижеге дейін жеткізуіне көмектеседі.
Shymkent Creative Hub үйлестірушісі Жанна Елтанованың айтуынша, орталықта әр бейсенбі сайын тегін шығармашылық сабақ өткізіледі.
– Бүгін интерьер дизайны саласының мамандары жастарға заманауи шешімдерді таныстырып, практикалық білім берді. Тұрақты өтетін тегін сабақтар келушілерге өз қабілетін байқап көруге, жаңа бағытты меңгеруге және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Осындай кездесулер жастарға дайын үлгіні қайталауды емес, мәселені шығармашылық тұрғыда шешуді үйретеді. Creative Hub осы тұрғыда шымкенттік жастардың тәжірибе жинап, өнер мен кәсіпті ұштастыруына арналған қолжетімді алаңға айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







