Шымкенттің Абай ауданында мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған спорттық турнир ұйымдастырылды. Аудан прокуратурасының бастамасымен өткен жарыс жасөспірімдерді спорт арқылы бос уақыттарын пайдалы өткізуге ынталандыруға үгіттеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Турнирге аудандағы 20 мектептен жасақталған командалар қатысты. Жарыс алаңында спортқа қызығатын 100-ге жуық жасөспірім өзара сынға түсіп, шеберлігі мен командалық дайындығын көрсетті. Қатысушылар үшін бұл кездесу тек жеңімпазды анықтайтын дода емес, өзге мектеп оқушыларымен танысып, тәжірибе алмасатын ортаға айналды.
Абай ауданы прокуратурасының аға прокуроры Әсем Омарбекқызының айтуынша, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу тек жазалау немесе ескерту шараларымен шектелмеуге тиіс.
– Негізгі мақсатымыз – балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, оларды қылмыс пен заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақыру. Мектеп оқушыларымен құқықтық түсіндіру кездесулерін де өткіземіз. Спорт тәртіпті, жауапкершілікті және ортақ мақсат үшін әрекет етуді үйретеді. Осындай шаралар жастар арасындағы құқықбұзушылықты азайтуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді ол.
Турнир кезінде оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған жадынамалар таратылды. Қазақ және орыс тілінде әзірленген материалдарда құқықбұзушылық түрлері, жасөспірімнің жауапкершілігі және заңда қарастырылған салдар түсіндірілген. Мұндай ақпарат баланың өз әрекетіне саналы қарауына және күмәнді жағдайдан сақтануына көмектеседі.
№53 және №54 мектептердің атынан қатысқан Шыңғыс Қожахметов спорттық жарыстардың жасөспірімдерге жаңа орта тауып, қабілетін көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Спортпен айналысып, осындай турнирлерге қатысқанды ұнатамын. Мұнда өз шеберлігіңді байқатып қана қоймай, басқа мектептердің балаларымен танысуға болады. Бізге осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді оқушы.
Қазіргі уақытта Абай ауданында 39 мектеп жұмыс істейді. Соның 20-сының оқушылары аталған турнирге қатысты. Жарыс қорытындысында үздік командаға аудан прокурорының кубогы мен арнайы жүлделер табысталады. Спорттық бастама жастардың заңды құрметтеп, тәртіпті болуына бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







