Қытырлақ ет пен қуырылған көкөністер немесе буда піскен жеңіл тағамдар — тағамды әзірлеу тәсілі оның дәміне ғана емес, құнарлылығы мен ағзаға тигізетін әсеріне де тікелей байланысты. Көптеген адам буға піскен асты тек пайдалы, ал қуырылған асты сөзсіз зиян деп біржақты қабылдайды. Алайда мәселе мұнымен шектелмейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Буға пісірудің артықшылығы мен витаминдердің сақталуы
Буға пісіру — азық-түлікті термиялық өңдеудің ең жұмсақ әдістерінің бірі саналады. Суға қайнатумен салыстырғанда, мұнда ет, балық немесе көкөністер сұйықтықпен тікелей жанаспайды. Соның арқасында суда еритін витаминдер мен бағалы минералдар шайылып кетпей, өнімнің бойында көбірек қалады.
Әсіресе көкөністерді, соның ішінде брокколи мен гүлді қырыққабатты дайындағанда бұл әдістің пайдасы зор. Мұндай өңдеу С витамині мен өзге де антиоксиданттарды ұзақ қайнатуға қарағанда жақсы сақтайды. Сонымен қатар, майды мүлдем қолданбау немесе тым аз пайдалану дайын тағамның калориясын төмендетеді.
Тағамның дәмі тым сүреңсіз болып қалмауы үшін тұз бен майдың орнына дәмдеуіштер, жас шөптер, сарымсақ және лимон шырынын қолданған тиімді. Бұл әдіс балық пен құс етіне, көкөністерге және кейбір жарма түрлеріне өте қолайлы.
Қуыру кезіндегі химиялық өзгерістер мен қауіптер
Тағамды табада немесе майда қуыру барысында өнімдер жоғары температураның әсеріне ұшырап, ылғалынан айырылады да, бетінде тәбет тартатын қытырлақ қабық түзіледі. Алайда дәм мен хош иістің артында тағамдық құндылықтың өзгеруі тұр. Қатты қыздыру кезінде кейбір дәрумендер жойылып, мол май қолдану калория мөлшерін күрт арттырады.
Ең басты қауіп — жоғары температурада өнімдерде жағымсыз химиялық қосылыстардың пайда болуы. Нутрициолог Наталья Чаевская бұл үдерістің ерекшеліктеріне тоқталды.
«Картоп сияқты крахмалды өнімдерді қуыру кезінде акриламид, ал етті қатты күйдіре қуыру барысында гетероциклді аминдер түзілуі мүмкін. Сонымен қатар ақуызды өнімдер ұзақ уақыт тым жоғары температурада өңделсе, оның құрамындағы кейбір аминқышқылдардың сіңімділігі төмендейді», – деді Наталья Чаевская.
Қуырылған тағамды қалай барынша зиянсыз етуге болады?
Егер тағамды қуырып жеуден бас тартқыңыз келмесе, оның ағзаға тигізетін теріс әсерін азайтуға мүмкіндік бар. Ең алдымен майды дұрыс таңдаған жөн. Ыстыққа төзімді майларға гхи сарымайы, тазартылған (рафинадталған) авокадо майы және тазартылған кокос майы жатады. Гхи мен кокос майында қаныққан майлар көп болғандықтан, оларды мөлшерден тыс тұтынбау қажет, ал авокадо майында қанықпаған пайдалы май қышқылдары басым.
Қуыру кезінде мына қарапайым қағидаларды есте сақтаған дұрыс:
– Майды табада түтіндеп кеткенше қыздырмау және оны ешқашан екінші мәрте қайтара пайдаланбау қажет;
– Ет пен балықты қатты күйдірмей, бірақ ішін толық пісіру міндетті;
– Картопты қоңырқай тартқанша емес, тек ашық алтын түске дейін қуыру керек;
– Картопты тураған соң шамамен 15–30 минут суға салып қойып, кейін кептіріп қуыру акриламидтің түзілуін айтарлықтай азайтады.
Ас қорыту жүйесі мен денсаулыққа әсері
Тағамды дайындау әдісі кейбір пайдалы заттардың сіңуіне керісінше оң ықпал етуі мүмкін. Мысалы, сәбіз бен қызанақты жылумен өңдегенде жасуша қабырғалары ішінара бұзылып, құрамындағы каротиноидтар адам ағзасына әлдеқайда оңай сіңеді. Мұнда бастысы — өнімді күйдіріп алмау.
«Майлы әрі қуырылған ас асқазанның босауын баяулатады, іште ауырлық тудырады және рефлюксі бар адамдарда қыжылды күшейтеді. Мұндай жағдайда майсыз, буға дайындалған ас асқазанға әлдеқайда жеңіл тиеді», – деп ескертті маман.
Ғылыми зерттеулер қуырылған тағамды жиі тұтыну жүрек-қан тамырлары аурулары мен екінші типті қант диабетінің қаупін жоғарылататынын көрсетеді. Бірақ бәрі тек табаға ғана байланысты емес. Порцияның көлемі, рационның жалпы үйлесімі және қолданылған майдың сапасы үлкен рөл атқарады. Асты әзірлеу тәсілін түрлендіріп, бу мен жұмсақ қуырудың арасында дұрыс тепе-теңдік сақтаған абзал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







