ШЫҰ саммитіне байланысты еліміздің бірқатар қаласында енгізілген террористік қауіптің «сары» деңгейі алынды, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті мен Қытай төрағасының мемлекеттік ресми сапарының аяқталуына байланысты «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13 және 15-баптарына сәйкес күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын өткізу кезінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы ретінде Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы терроризмге қарсы операция режимін 4 шілде сағат 23.59-да Астана қаласында алып тастау туралы шешім қабылданды», — деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 жарлығымен бекітілген «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларына» сәйкес Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында 4 шілде сағат 23.59-да террористік қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейі алып тасталды.
Күштік құрылым бөлімшелері штаттық режимде жұмыс істейді.