Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың есепсіз байлығы үшін «қиян-кескі күрес, соғыс» жүріп жатыр. Бір қызығы, мұраға таласқандар аз емес. Тізімде бірнеше әйелден туған балалары да, оған қоса кейбір әйелдері да бар. Танымал заңгер Бағдат Амандосұлы Болат Назарбаевтың мұрасы үшін таласта «сәттілік» кімнің жағында болуы мүмкін екенін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін нотариус мұрагерлік бойынша істі ашқан. Назарбаевтың отбасы мүшелері, соның ішінде ұлы Нұрбол, Болат Назарбаевтың жұбайы Динара және бірнеше баласы мұрагерлік құқығы туралы өтініш білдірген.
Тізімді тарқатсақ: Нұрбол Болатұлы Назарбаев (1983 жылы 14 қарашада туған, мұра қалдырушының ұлы); Назарбаева Динара Кемелханова (1986 жылы 4 желтоқсанда туған, мұра қалдырушының жұбайы) — мұрагерлік құқығы туралы өтініш бергендер, ал төмендегі мына тізімдегілер — заң бойынша мұраның міндетті үлесін алуға өтініш білдіргендер. Олар: Болатұлы Болатхан 2012 жылы 7 ақпанда дүниеге келген; Назарбаев Мұхаммед Болатұлы, 2021 жылы 21 қыркүйекте дүниеге келген; Назарбаева Еркежан Болатқызы 2018 жылы 18 мамырда дүниеге келген; Назарбаев Елнұр Болатович 2013 жылы 19 тамызда дүниеге келген; Назарбаев Болат Болатович 2014 жылы 17 қазанда дүниеге келген; Назарбаев Акбар Болатович, 2016 жылы 23 қарашада дүниеге келген; Назарбаева Нұрбану Болатқызы 2018 жылы 9 шілдеде дүниеге келген; Болатқызы Томирис 2013 жылы 30 шілдеде дүниеге келген; Болатқызы Аруназ 2016 жылы 30 қаңтарда дүниеге келген; Назарбаев Ханболат Болатұлы 2002 жылы 17 ақпанда дүниеге келген; Назарбаева Альбина Болатқызы 2003 жылы 7 маусымда дүниеге келген; Назарбаев Хантөре Болатұлы 2018 жылы 26 қаңтарда дүниеге келген; Назарбаева Жанель Болатовна 2010 жылы 3 қарашада дүниеге келген.
Мүлік үшін таласта аренаға күтпеген жерден дәстүрлі әнші Динара Кемелхан (Мәметекова) шығуы Dala inside арнасының назарын аударған.
«Болат Назарбаевтың үлкен ұлдары оның азаматтық некеде жүрген әйелі Динара Мәметековамен заңды некеге отыруына қарсы болған еді. Себебі Болаттың денсаулығы нашарлағандықтан, олар да, әулеттің басым бөлігі де мұраға ортақтасатын артық адам қажет емес деп ойлады. Енді олар «Динара Мәметекова Болат Назарбаевтың ұзақ өмір сүрмесін білді және әдейі некені заңдастыруға асықты» деп санайды. …Болат Назарбаев өзінің өсиетхатын алғаш рет 2014 жылы жазып, онда барлық мүлкін үлкен ұлы Нұрболдың атына табыстаған. Алайда заңда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қатысты бап бар. Сондықтан заңды әйелі ортақ мүлікке таласа алады», — дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Заңгер Бағдат Амандосұлы Болат Назарбаевтың мұрасы қалай бөлінуі мүмкін екенін құқықтық, заңды жағынан түсіндіріп берді.
«Нотариус Болат Назарбаевтың атындағы мүліктердің барлығын білуі үшін сол мүліктердің құжаттарын сұратады. Ол сатып алу шарты болуы мүмкін, тағы да басқа құжаттар болуы мүмкін. Сол құжаттардың негізінде мұраны ашқан нотариус әрі қарай тиісті жұмысын жасайды. …Бұл жерде үлкен баласына үлкен үміт артқан деп ойлаймын. Қалған балалары кішкентай шығар деген ойдамын. Қолданыстағы заңнама қаншама бала болса да, 14 болсын, 34 болсын, өсиет білдіруші тірі кезінде қай баласына (мұрасын — еск.) бергісі келеді, сол баласына беруге рұқсат береді. Болат Назарбаев осы құқығын пайдаланып, 14 баланың ішінде бір баласына мүлігінің үлестерін өсиет арқылы берген шығар деп ойлаймын. Өсиет білдіруші тірі кезінде қандай мүліктерді беретіні өсиетпенен нотариус арқылы жазылады. Өсиеттен бөлек, өсиетке кірмей қалған мүліктер бар ғой, сол мүліктердің барлығы қалған мұрагерлерінің араларында теңдей бөлінеді.
…Болат Назарбаев көз жұмғанға дейін ресми түрде некесі қиылған әйелімен некесі бұзылмаса, онда ол (әйел — еск.) мұрагер ретінде нотариусқа өтініш білдіріп, үлесін ала алады. Ал басқа әйелдері ше?! Азаматтық некедегі әйелдері мұрагер ретінде таныла алмайды. Бірақ Болат Назарбаевтан туған балаларының туу туралы куәлігінде әкесі деген жерде Болат Назарбаев көрсетілсе, ол балалар анасы арқылы (кәмелетке толмағандықтан) мүлікті мұра ретінде қабылдау үлесіне өтініш білдіре алады. Балалардың туу туралы куәлігінде (Болат Назарбаев әкесі екені көрсетілмесе — еск.) көрсетілмесе, онда мұрагер ретінде (мүлік бөлісіне — еск.) қатыса алмайды. …(Мүлік бөлуде — еск.) балалардың жас мөлшері маңызды емес, теңдей бөлінеді.
Болат Назарбаевтың көзі тірісінде некесі бұзылмаған. Мүліктің тең жартысы автоматты түрде (заңды некедегі — еск.) әйелінікі болады. Өйткені ол — Болаттың көзі тірі кезінде ресми түрде некеде тұрған әйелі. (Әйеліне берілген мүліктен — еск.) қалған мүліктің 50 пайызы бар. Оған мұрагерлер, 15 бала және әйелі де таласады. Бұл жерде Болат Назарбаев балалардың біреуіне өсиет жазды ғой, сол өсиет ол кісіге (Динара Кемелханға, Болат Назарбаевтың әйеліне — еск.) бөгет жасайтын шығар деген ойдамын. Дегенмен бұл үлкен сот процестерін тудырады, күмәнім жоқ», — деді сарапшы Barys Media-ға.
Заңгер «Назарбаевтар сотталса, есепсіз байлық халыққа қайтарылуы мүмкін бе?» деген сауалға да жауап берді.
«Мүмкін. Олар «мұра ретінде қабылдадық, болды, тыныш болады» деп ойламауы керек. Егер жаңадан мән-жайлар ашылатын болса, біреудің арызы бойынша (қылмыстары — еск.) дәлелденсе, ол кезде әңгіме басқаша болады. Бізде сот бар. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа кететін болса, жағдай түбегейлі өзгеріп кетуі мүмкін», — деп түсіндірді заңгер.