Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық тәртіпті күшейтуге бағытталған кезекті рейд өтті. Жыл басынан бері абаттандыру талабын бұзу және қоғамдық орындарды ластау деректері бойынша 7786 әкімшілік хаттама толтырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Рейдті облыс әкімдігі, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Мамандар бизнес орталықтарын, сауда үйлері мен жеке меншік нысандарды тексерді. Кәсіпкерлерге іргелес аумақты абаттандыру және санитарлық талаптарды сақтау тәртібі түсіндірілді.
Жыл басынан бері ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру және жасыл желекті жою деректері тіркелген. Заң талаптарын бұзған азаматтар мен кәсіпкерлерден 26 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Бақылау шаралары елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, меншік иелерінің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Нұрдәулет Мұқашов рейдтің негізгі мақсатын түсіндірді. Оның айтуынша, қала тазалығын сақтау мен санитарлық талаптардың орындалуын бақылау тұрақты жүргізіледі. Заң бұзылған жағдайда жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылады.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Айым Қабылова жауапкершілік тәртібіне тоқталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес алғаш рет анықталған заң бұзушылық үшін ескерту беріледі. Егер талап бір жыл ішінде қайта бұзылса, әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, заңнамаға сай айыппұл салынады.
Мұндай рейдтер тек айыппұл салумен шектелмей, тұрғындар мен кәсіпкерлердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Тазалықтың тұрақты сақталуы бақылаушы органдардың жұмысына ғана емес, әр нысан иесінің күнделікті жауапкершілігіне байланысты. Облыста абаттандыру қағидаларының орындалуын тексеру алдағы уақытта да жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







