Әйелдер кәсіпкерлігі Қазақстанда бұрынғыдай қосымша табыс көзі немесе шағын тұрмыстық бастама ретінде ғана қаралмайды. Қазір әйелдер саудада, қызмет көрсету саласында, білім беру, сұлулық индустриясы, әлеуметтік жобалар және өндіріс бағытында да өз орнын қалыптастырып келеді. Осы ретте Ertenmedia.kz тілшілері Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының салааралық іскер әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Альмира Шарафуддинова сұхбаттасып, әйелдер бизнесінің 20 жылдағы өзгерістер жайында сұраған еді. Соған назар аударсаңыздар.
– Альмира ханым, соңғы 15–20 жылда әйелдер кәсіпкерлігі қалай өзгерді?
– Бұрын «әйелдер кәсіпкерлігі» деген ұғым күнделікті қолданыста көп айтылмайтын. Бизнесті көбіне ер адамның ісі сияқты қабылдайтын көзқарас басым еді. Қазір жағдай басқаша.
Әйелдер шағын дүкеннен бастап, білім беру орталығы, медициналық қызмет, сұлулық индустриясы, қоғамдық тамақтану, маркетинг, ІТ, агрожоба, әлеуметтік кәсіпкерлік сияқты түрлі бағытта жұмыс істеп жүр. Ең үлкен өзгеріс әйелдің кәсіпкер ретіндегі бейнесі қалыпты құбылысқа айналды.
Бұрын әйел бизнес бастаса, айналасы таңырқап қарайтын. Қазір ол отбасын асырап отырған, жұмыс орындарын ашып отырған, салық төлеп отырған толыққанды экономикалық тұлға ретінде қабылдана бастады.
Меніңше, кәсіпкерлікте ең алдымен идея, еңбек, тәртіп, есеп, тәуекел деп білемін. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпкерлікті жынысқа бөлу дұрыс емес. Бірақ әйелдер кәсіпкерлігі деген бөлек тақырыптың пайда болуы тегін емес.
Әйел көбіне бизнесті отбасымен, бала тәрбиесімен, тұрмыстық міндетпен қатар алып жүреді. Оның уақытқа, қаржыға, қолдауға деген сұранысы өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан әйелдер кәсіпкерлігі деген ұғым ерлерден артық немесе кем қою деген түсінік қалыптастырумау керек.
– Қазақстандағы әйелдер бизнесінің қазіргі салмағы қандай?
– Қазір әйелдер кәсіпкерлігі ел экономикасының үлкен бөлігіне айналған. Ресми деректер бойынша, 2024 жылы Қазақстанда бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарған, бұл ШОБ субъектілерінің 48, 1 пайызына тең.
Ал 2025 жылғы 1 қаңтардағы деректе жұмыс істеп тұрған 2, 071 миллион ШОБ субъектісінің 1, 024 миллионын, яғни 49, 5 пайызын әйелдер басқарғаны көрсетілді. Демек әйелдер қазір кәсіпкерліктің жартысына жуық бөлігін ұстап отыр. Мұндай көрсеткішті жай әлеуметтік құбылыс деп қарауға болмайды. Бұл ел экономикасының нақты тірегі.
Әйелдер әлі де сауда, қызмет көрсету, білім беру, сұлулық индустриясы, әлеуметтік жобалар және қоғамдық тамақтану сияқты адаммен тікелей жұмыс істейтін салаларда көп жұмыс істейді.
2025 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, әйелдер басқаратын ШОБ субъектілері саудада 438, 3 мың, басқа қызмет түрлерінде 179, 8 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығында 81, 9 мың субъект болған. Бұл әйелдер бизнестің тек жеңіл көрінетін саласында жүр деген сөз емес. Керісінше, олар халықтың күнделікті сұранысына жақын, тез өзгеретін, бәсекесі жоғары нарықта еңбек етіп келеді.
– Бұрын ерлер басым болған салаларға әйелдер қазір қаншалықты кіріп жатыр?
– Қазір әйелдерге жабық сала азайды. Бұрын құрылыс, логистика, өндіріс, ауыл шаруашылығы немесе техникалық қызмет ерлерге жақын бағыт сияқты көрінетін. Қазір бұл ұғым өзгеріп келеді.
Әйелдер техника сатып алып, цех ашып, жеткізу жүйесін құрып, фермерлік шаруашылықты дамытып, маркетплейс арқылы тауарын елге сатып отырғанын өзіңіз де білесіз.
Әрине, мұндай салаларға кіру үшін батылдық қана емес, есеп, команда, заңды түсіну, қаржы тәртібі керек. Бірақ әйелдердің осындай бағытқа бет бұруы экономиканың өзі өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Қазір кәсіпті тіркеу, салық режимін таңдау, есеп тапсыру, төлем қабылдау, жарнама беру, клиент табу бәрі цифрлық арнаға көшті. Бұрын кәсіп бастаймын деген адам құжат жинап, кабинет жағалап, кезек күтіп көп уақыт жоғалтатын.
Қазір телефон мен интернеттің өзі үлкен құралға айналды. Бірақ жеңілдеді деген сөз «оңай ақша табуға болады» дегенді білдірмейді. Бәсеке өсті, тұтынушы талабы күшейді, нарық жылдам өзгеріп жатыр. Цифрландыру есікті ашты, ал сол есіктен өтіп, тұрақты кәсіп құру адамның өз дайындығына байланысты.
– Бизнесті енді бастағысы келетін әйелдер ең алдымен неден бастау керек?
– Ең алдымен өзіне адал сұрақ қоюы керек. Мен нені жақсы білемін, қандай іске шыдаймын, қай салада ұзақ жүруге дайынмын? Кәсіп сән үшін ашылмайды. Біреу сұлулық салонын ашты екен деп бәрі сол салаға жүгіруі дұрыс емес. Әр адамның қабілеті, ортасы, тәжірибесі, мінезі бөлек.
Сала таңдалғаннан кейін нарықты зерттеу қажет. Клиент кім, бәсекелес кім, баға қандай, шығын қанша, алғашқы үш айда ақша қайдан келеді, салық қалай төленеді, тәуекел қай тұста деген сұраққа нақты жауап керек.
– Әйелдер қаржыландыру жағынан қиындық көреді деген пікір бар, сіз қалай ойлайсыз?
– Қиындық жоқ деп кесіп айтуға болмайды, бірақ қазір мүмкіндік аз емес. Мемлекет тарапынан әйелдерге ақпараттық кеңес, сервистік қолдау, оқыту, субсидия, кепілдік, грант сияқты түрлі құрал ұсынылып жатыр.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 желтоқсанда 16 326 әйелге 60 245 ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетілген. Бұған бизнесті тіркеу, құжат рәсімдеу, мемлекеттік қолдау, тендерге қатысу сияқты бағыттар кіреді. Сонымен бірге 6 410 әйелге бухгалтерлік есеп, салық, «1С», бизнес-жоспар және жылжыту стратегиясы бойынша 7 106 сервистік қызмет ұсынылған.
Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттенген әйелдерге қаржылық қолдау бар. Бірақ оны дұрыс пайдалану үшін дайындық керек. Кей әйел грант бар екенін біледі, бірақ құжат дайындауға жүрексінеді. Бірі субсидияны естиді, бірақ бизнес-жоспар құруға қиналады. Тағы бірі банкке барудан қорқады.
Ресми деректерде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 3 373 жоба қолдау алғаны, оның 1 423-і әйелдер жобасы екені айтылды. Бұл 42 пайыз деген сөз. Әйелдер жобасына берілген несие сомасы 119, 7 миллиард теңгеге жетті.
– Әйелдер үшін бөлек салық жеңілдігі керек пе?
– Мен мұндай бастаманы қолдаймын. Себебі әйел бизнесті көп жағдайда бірнеше міндетпен қатар алып жүреді. Ол кәсіпкер, ана, жар, кейде ата-анасына қарайтын адам, үйдің шаруасын да ұмытпайтын тұлға. Әрине, заң алдында бәрі тең болуы керек.
Бірақ экономикалық саясатта нақты өмірді де ескеру қажет. Егер әйелдерге бастапқы кезеңде жеңілдетілген салық, есепті оңайлату, микробизнеске арналған икемді режим немесе әлеуметтік кәсіпке қосымша қолдау болса, көп әйел көлеңкеде қалмай, заңды жұмыс істеуге ұмытылатына сенімдімін.
– Әйел кәсіпкерге қауымдастық не үшін керек?
– Кәсіпкерлік жалғыз жүретін жол сияқты көрінгенімен, шын мәнінде орта көп нәрсе шешеді. Әйелдер қауымдастығы тәжірибе алмасуға, серіктес табуға, нарықты түсінуге, қателіктен сақтануға көмектеседі.
Бір әйел екінші әйелге банкке қалай бару керек екенін, тендерге қалай қатысуға болатынын, қандай құжат қажет екенін, салықта неге назар аудару керегін түсіндіріп береді.
Кейде бір ауыз кеңес адамның бірнеше ай жоғалтатын уақытын үнемдейді. «Әйел әйелге қуат береді» деген сөз бос айтылмаған. Қолдау көрген әйел өзінен кейінгіге де жол ашады.
Іскер әйелдер кеңесі әйел кәсіпкерлерді бір жерге жинайтын, олардың мәселесін тыңдайтын, мемлекеттік органдармен сөйлесуге мүмкіндік беретін алаң. Мұнда тек жиын өткізу емес, нақты көмек маңызды. Әйелдер заңдағы өзгерісті түсінеді, салық мәселесін сұрайды, грант пен субсидия тәртібін біледі, басқа кәсіпкерлермен танысады.
«Атамекен» алаңында әйелдер кәсіпкерлігіне қатысты түсіндіру шаралары мен заңнамадағы жаңалықтарды жеткізу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Мұндай ақпарат уақытында жетсе, кәсіпкер қателікті аз жібереді.
«Қолымнан келмейді», «мен кеш бастадым», «менде таныс жоқ», «ақша жоқ», «жасым келді», «баламен қалай істеймін» деген қорқыныш көп әйелді тоқтатып қояды. Әрине, бұл сұрақтардың бәрі шынайы. Бірақ кәсіпкерлік бір күнде үлкен табысқа шығу емес. Кішкентай қадамнан басталады.
Үйден отырып тапсырыс алу, қызмет көрсету, онлайн сату, шағын шеберхана ашу, курс оқу, есеп жүргізуді үйрену – бәрі жолдың басы. Ең бастысы, әйел өзін тек көмек сұрайтын адам ретінде емес, мүмкіндік жасай алатын тұлға ретінде көруі керек.
– Отбасы мен бизнесті қатар алып жүру қаншалықты қиын?
– Бұл сұрақты әйелдердің көбі жақсы түсінеді. Кәсіпте клиент күтіп тұр, үйде бала күтіп тұр. Бір жағында тапсырыс, бір жағында отбасы. Сондықтан әйелге уақытты дұрыс бөлу, жақындарының қолдауы, нақты күн тәртібі, кей жұмысты басқаға тапсыра білу маңызды.
Отбасы әйелдің кәсіппен айналысуын түсінсе, оның жолы жеңілдейді. Ал «сенің орның үйде» деген көзқарас әлі де кездеседі. Мұндай түсінік біртіндеп өзгеріп келеді. Себебі кәсіп ашқан әйел тек өзіне емес, отбасына да, қоғамға да пайда әкеледі.
Бизнесте өзін көрсеткен әйелдің басқару қабілеті, жауапкершілігі, шешім қабылдау тәжірибесі қалыптасады. Мұндай әйел қоғамдық кеңеске де, мәслихатқа да, мемлекеттік шешім талқылауына да қатыса алады. Бірақ саясатқа бару үшін уақыт, қолдау, отбасының түсінігі, орта, сенім керек.
– Кәсіп бастағысы келетін әйелдерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Біріншіден, өзіңіз білетін істен бастаңыз. Екіншіден, есепсіз қадам жасамаңыз. Үшіншіден, заңды жұмыс істеуден қорықпаңыз. Төртіншіден, жалғыз қалмаңыз, кәсіпкерлер ортасына кіріңіз. Бесіншіден, алғашқы сәтсіздікті соңғы үкім деп қабылдамаңыз.
Кәсіпте қателік болады. Бірақ сол қателіктен сабақ алған адам ғана өседі. Әйелдің бойында төзім, ұқып, жауапкершілік, адаммен тіл табысу қабілеті бар. Осы қасиеттер дұрыс біліммен, қаржылық тәртіппен және батылдықпен қосылса, жақсы бизнес шығады.
– Әңгімеңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







