Кешегі түн Ресей аспаннан қара бұлт емес, жойқын дрондар төнген күн болды. Түнімен көз ілмеген Кремльдің генералдары карта үстінде әбігерге түскені анық. Көздері қызарып, еңселері түскен де болуы мүмкін. Оларды да түсінуге болады. Путиннің үш күнде бітіреміз деген соғысы үш жылдан асып барады, бітетін түрі жоқ. Қалай шаршамасын?
Кеше Ресейде әуежайлар жабылып, жолаушылар ұшақтары түгелдей жерге қонуға мәжбүр болды.
Украиананың авиация сарапшысы Богдан Долинце бұл жағдай Ресейдің қазіргі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің мүшкіл халін айқын көрсетіп бергенін айтты.
Бұрынғыдай емес, дрондар қаптаған сайын, Ресейдің қорғаныс жүйелері сарқылып түсуде. Мәскеуге қарай жөңкіген жүздеген дронды тоқтату – «Панцирь-С» жүйелері мен С-300, С-400 кешендеріне оңай шаруа емес.
2022 жылға дейін Ресей жүз шақты «Панцирь-С» жүйесіне ғана ие болған еді. Ал Мәскеуді дұрыстап қорғау үшін кемінде мұндай құрылғының 30-40 жүйе қажет. Бұған басқа да кешендерді қосқанда, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсіну қиын емес.
Ресей қару-жарақтан мақұрым емес. Кеңестен қалған қоймаларында зымырандардың біраз қоры бар. Алайда, сұрақ басқа – оқ-дәрі қанша уақытқа жетеді? Бүгін атып түсірді, ертең тағы жүздеген дрон ұшады. Бір айдан соң мыңдап келеді.
Ресейдің әскери қоймаларында қанша зымыран бар екенін ешкім нақты білмейді. Бірақ соғыс заңы қатал – қорғанысты тоқтатпау үшін өндірісті арттыру керек. Сарапшылардың айтуынша, орыстар ай сайын мыңдаған зымыран шығару тиіс. Әйтпесе, алты айда-ақ Ресей зымыран тапшылығын сезіне бастауы мүмкін.
Түнгі аспан алапат шайқас алаңына айналған шақта, Ресейдің уайымы еселене түскені анық. Мәскеу мен басқа да аймақтарға жүздеген дрон ұшып, жұрттың үрейін ұшырған.
Кремль мәліметіне сүйенсек, кеше түнде 337 дрон атып түсірілген. Бірақ бұл сандар қаншалықты шындыққа жанасады? Айту оңай, ал іс жүзінде шабуылдардың салдары анық білінеді.
Әрбір дрон Ресейдің қорғаныс жүйесінің әлсіз тұсын аңдиды. Әр жарылыс – бір кемшіліктің әшкерелейтінін де ұмытпаған жөн.
Соғыс – сан мен сапаның шайқасы. Дрондар ағыны тоқтамаса, Ресейдің әуе қорғанысы қатты соққыға ұшырайды. Украина аспанда басымдыққа ие болмаса да, жерден жаулап жатыр.
Ал Ресейдің қолындағы карта таусылуға таяу. Ертең не болатыны түсініксіз. Бірақ бір нәрсе анық – Ресей мен Украиана әуе кеңістігінде тепе-теңдік бұзылып барады.
Ал Мәскеу үнсіз. Кремльдің ендігі әрекеті қандай болмақ? Бұл сауал Ресей генералитеті үшін де ашық күйінде қалып отыр.
Нұрлан ЖҰМАХАН