Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағын ресейлік «Панцирь-С» зениттік-зымыран кешені атып түсірген. Бұл туралы Әзербайжан үкіметінің өкіліне сілтеме жасаған Reuters агенттігі хабарлады, — деп жазады ErtenMedia.
Қазақстанның Көлік министрлігі осы апатқа қатысты алдын ала тергеу есебін жариялап, ұшақ фюзеляжында көптеген тесіктер мен соққы іздерінің бар екені көрсетілген фотоларды ұсынған еді.
Әзербайжан тарапы бұдан бөлек сол күні Грозныйда «Ковер» жоспары енгізілгенін, бірақ диспетчер бұл туралы лайнер зақым алғаннан кейін ғана хабарлағанын мәлімдеді.
Алғашқы дерек бойынша, Баку – Грозный бағытындағы тұрақты рейс жасайтын ұшақ ұшуды бастар сәттен Грозныйға дейінгі аралықта техникалық тұрғыда жарамды болған. Екі қозғалтқыш та апат болғанға дейін ақаусыз істеген.
Ұшақ Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде, соның ішінде Грозный әуежайы үстінде ұшқан кезде GPS сигналын жоғалтып алған.
Грозный маңында ауа райы қолайсыз болып, ұшақ екінші айналымға қонуға мүмкіндігі болмаған соң, капитан Бакуға кері қайтуды ұйғарған. Дәл сол кезде CVR (Cockpit Voice Recorder) мәліметтері екі сыртқы дыбысты тіркеген, олардың аралығы 24 секундты құрайды.
2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку – Грозный бағытымен ұшқан Embraer E190 ұшағы Ақтау қаласына жақын жерде құлаған. Бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған, 38 адам қаза тауып, қалғандары аман қалған.
Апаттан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақты Грозный үстінде жерден атып түсірді деп мәлімдеп, экипаждың шұғыл қонуға сұраныс білдіргенін, алайда Ресей әуежайлары бортты қабылдамағанын айтты. Сөйтіп ұшақ Каспий теңізі арқылы Ақтауға бет алған.
Оқиғадан үш күн өткен соң Ресей президенті Владимир Путин Ильхам Әлиевке телефон шалып, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға үшін» кешірім сұрады. Ал Әлиев өз кезегінде Мәскеуді ресми түрде кінәсін мойындауға шақырды.