Ақмола облысындағы білім саласына жауапты шенділердің ақылы азайып кеткендей… Көкшетау қаласында жаңадан салынған мектептің шатырын жөндейміз деп, мемлекеттік қазынадан 78 миллион теңгені бөлмек болыпты. Бірақ Ақмола облыстық прокуратурасы бұл бассыздықты дер кезінде анықтап, тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Егер облыстық прокуратура болмағанда облыс басшысы Марат Ахметжанов не болып жатқанын білмей отыра берер ма еді? Кім білсін? Мектептің құрылысы бар-жоғы жыл жарым бұрын ғана аяқталып, пайдалануға берілген. Демек, объект әлі кепілдік мерзімінде, яғни, кез келген жөндеу жұмысы – мердігердің тікелей жауапкершілігінде болуы керек.
Алайда шенеуніктер үшін бұл қарапайым қағида емес, қаржыны қағып алудың оңтайлы амалына айналғандай… Енді қараңыз – гарантиясы бар нысанға бюджеттен ақша бөлдіртіп, тағы да тендер жасап, сол жұмысқа жаңа мердігерді тартудың не қажеті бар. Бұл – мемлекеттік қаржының мақсатсыз, тіпті алаяқтық сипатта жұмсалуына жол ашатын тетік емес пе?
Ақиқатты айтқанда, бұл – институционалдық бақылаудың босаңсығанын, сыбайластықтың тамырын тереңге жібергенін көрсететін жайт. Бірақ бұл жолы прокуратура араласып, қадағалау актісін енгізу арқылы мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, жауаптыларды жауапкершілікке тартқан.
Мемлекеттік органның мәліметінше, «тиімсіз жоспарланған бюджеттік қаржы басқа әлеуметтік бағдарламаларға бағытталды».
Егер бұл іске прокуратура араласпағанда, әлгі қаржы «шатыр» астында жоғалып, әлеуметтік салаға ауадай қажет қаражат қолдан сусып кетер еді.
Жалпы бір мектептің мәселесі емес. Бұл – Ақамола облысы әкімдегі жүйелік селқостықтың, қаржылық жоспарлаудағы шалағайлықтың, мемлекеттік сатып алулардағы ашықтықтың жоқтығының белгісі.
Қазіргі таңда «жөндейміз» деген желеумен талай жаңа нысанға ақша бөлініп, бюджеттен миллиондап қаражат «жөнделмеген шотқа» түсіп жатыр.