Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясы төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның сөзінше, киностудияның аумағын ешкімге сатылмайды және мақсатсыз пайдалануға жол берілмейді. Министрлік қазір тарихи киностудияның инфрақұрылымын дамыту үшін инвестор іздеп жатыр.
«Қазақфильм – ұлттық бренд. Біз оны тек түсірілім алаңы ғана емес, халықтың отбасымен келіп, бос уақытын пайдалы өткізетін мәдени орталығына айналдырғымыз келеді. Ол жерде заманауи кинотеатрлар, музей мен тақырыптық дүкендер бой көтеруі тиіс», – дейді министр Балаева.
Министр «Қазақфильмнің» ақша таба бастағанын, студияның соңғы 7 жыл ішінде алғаш рет кіріске шыққанын ерекше атап өтті.
Бұл жетістікке ол кәсіби әрі тиімді менеджменттің арқасында қол жеткенін айтты.
«Қазақфильмді тек қазақтілді мамандар басқаруы керек деген пікірмен келіспеймін. Компанияны менеджменттің қыр-сырын жетік білетін адамдар басқаруы тиіс. Қазір киностудияда дәл сондай жұмыстар атқарылып жатыр», – деді министр.
Бірақ киногерлердің бұл мәселеге қатысты ұстанымы басқа.
Бұған дейін киностудия жерінің жекеменшікке өтіп кету қаупіне байланысты кинематографистер Президентке хат жазып, биліктен көмек сұраған болатын. Әлеуметтік желіде режиссер Ерлан Төлеутай бұл күресті қазақ киносының тәуелсіздігі үшін күреске теңеп, мәселені тым өткір жеткізген еді.
Киногерлердің айтуынша, «Қазақфильмнің» аумағы – киностудия үшін маңызды стратегиялық ресурс. Оны коммерцияға ашып, инвестор тарту процесінде студияның тарихи миссиясы мен мәнін жоғалтып алу қаупі жоғары.
«Біз әкімшілік пен бизнес-элитаның мәдени құндылықтарымызға коммерциялық жоба ретінде ғана қарағанын қаламаймыз», – дейді кинематографистер.
Министр Балаева болса, дәл осындай қауіпке негіз жоқ деп санайды және бұл мәселені «дүрбелеңге айналдырып отырған адамдар киностудияның бұрынғы қызметкерлері» дейді.
«Олар киностудияда қызмет еткен кезінде айтарлықтай нәтиже көрсетпеген адамдар. Сондықтан олардың сынына негіз жоқ. Қазір олар жоқ жерден дау жасап жүр. Мен Азамат Сатыбалды кеткеннен кейін «Қазақфильмнің» менеджментін өз бақылауыма алып, жұмысына күнделікті назар аударып отырамын», – деп нақтылады ол.
Әзірге тараптар өз ұстанымдарында қалды: билік студияны заманауи мәдени орталыққа айналдыруды көздейді, ал киногерлер бұл бастамада ұлттық мәдениет мүддесіне қайшы келетін астар бар деп қауіптенеді.
Осыған қарамастан министрлік «Қазақфильмнің» дамуын ерекше бақылауға алғанын, киностудияның қаржылық жағдайы оңалып келе жатқанын, шетелдік компаниялармен серіктестік артқанын мәлімдеп отыр.