Түркістан облысында мемлекеттік ақпараттық саясаттың орындалу барысы талқыланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен апталық штаб отырысында өңірлік коммуникация қызметінің жұмысы өтті. Шара барысында ақпараттық сүйемелдеу сапасы және мемлекеттік органдардың қоғаммен байланыс тетіктері қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Жұмашбеков қатысты. Соынмен қатар Ақпараттық талдау орталығы КММ директоры Айдар Сейдазым және Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Төребек Байтасов баяндама жасады.
Жиын барысында өңірде жарияланған материалдарға ден қою алгоритмінің орындалуы сараланды. Мемлекеттік органдар тарапынан берілетін жауаптардың мерзімі, мазмұны және сапасы талқыланды. Сонымен қатар тұрғындар жиі көтеретін өзекті мәселелерге талдау жасалды.
Отырыста заң мен тәртіп қағидаты, «Таза Қазақстан» бағдарламасы, интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткіге қарсы іс-қимыл мәселері қаралды. Бұдан басқа жол және балалар қауіпсіздігі, дала өрттерінің алдын алу бағытындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының барысы сөз болды.
Ертай Алтаев жауапты сала басшыларына мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы іске асыру, халықпен кері байланысты күшейту және қоғамда көтерілген мәселелерге жедел әрекет ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Өңір үшін ақпараттық саясат тек ресми хабар тарату құралы ғана емес, тұрғындардың сұранысын дер кезінде естіп, нақты жауап берудің маңызды тетігіне айналып келеді. Сондықтан мемлекеттік органдардың ашықтығы, жауап беру жылдамдығы және ақпараттың түсінікті жеткізілуі өңірдегі қоғамдық сенімге тікелей әсер етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







