Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы шілде айында қазақстандық ақпарат кеңістігінде кең тараған резонансты фейктерге шолу жариялады. Талдауға қаржы, әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты жалған хабарламалар енгізілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық мамандарының мәліметінше, күмәнді жарияланымдардың басым бөлігі шынайы деректің жекелеген бөлігін бұрмалау, құқықтық ұғымдарды алмастыру және оқырман эмоциясына қысым жасау арқылы дайындалған. Кейбір хабарламада ресми шешімнің мазмұны өзгертілсе, енді бірінде ескі ақпарат жаңа оқиға ретінде ұсынылған.
Фейк авторлары қоғамдағы сезімтал тақырыптарды әдейі пайдаланған. Әлеуметтік төлем, банк шоты, медициналық көмек немесе азаматтардың қауіпсіздігі туралы үрейлі тұжырымдар тексерілмеген ақпараттың жылдам таралуына ықпал еткен.
Шолуда әр жағдай бойынша жауапты мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмесі беріліп, манипуляцияның қандай тәсілмен жасалғаны көрсетілген. Орталық азаматтарды тақырыбы тым үрейлі немесе ашуға құрылған хабарламаларды бірден таратпай, дереккөзін, жарияланған күнін және ресми түсіндірмені тексеруге шақырды.
Мамандардың бағалауынша, жалған ақпаратпен күресте оны жоққа шығару жеткіліксіз. Қоғамда деректі салыстыру, ақпарат көзін бағалау және эмоциялық манипуляцияны ажырату дағдысын қалыптастыру маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







