Президент Тоқаевтың жарлығымен Серік Шәпкеновтің Атырау облысы әкімі қызметінен босауы әдепкі ауыc-түйіс емесін ішіміз сезген-ді. Қол астындағы екі бірдей орынбасардың (Тілек Махуов пен Мейіржан Мұқасов) жемқорлық күдігімен кісенделуі Шәпкеновтың түбіне жеткені анық. Дегенмен, редакциямыздың тұрақты сарапшы Нұрлан Жұмаханның пікірінше, бұл да басты уәж емес. Алып мұзтаудың бергі беті ғана деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір еліміздің сыртқы саудасы небәрі бес-ақ тауар түріне байланып тұр. Соның ішіндегі қара алтыннан түсетін кіріс қана емес, сыртқа жөнелтілетін физикалық көлемі де күрт құлдырауда. Мұнай экспорты 14 пайызға азайып, газ экспорты тіпті 73 пайыздан астам құлдилаған.
Осындай алмағайып шақта ел бюджетін толтырып отырған өңірдегі шенділердің жемқорлық дауына шырмалуы Ақорданың шыдамын тауысса керек. Үлкен үйдегі қауым өмірлік маңызы бар облысты бақылаудан шығарып алғанын кеш те болса түсінген тәрізді.
Кәсіби мұнайшы, салалық ауыр салмақты тұлға саналатын Ақшолақов Ақорданың мұнайлы аймақтарға қатысты басқару философиясын түпкілікті өзгерткенін көрсететін басты факт.
Осы уақытқа дейін өңірді негізінен әлеуметтік балансты сақтайтын, гуманитарлы-әкімшілік реңі басым кадрлар басқарып келген-ді. Әзіргі ауыс-түйіс аймаққа шаруашылық сипаттағы саясаткер емес, өндірістің тетігін білетін инженер керек болғандай әсер қалдырады.
Ақшолақов? Ол трансұлттық алпауыттардың ішкі асханасын, ТШО, Қашаған мен Қарашығанақ сияқты алып жобалардың қалтарыстарын бес саусағындай білетін өндіріс генералы. Осы арқылы Астана халықаралық консорциумдарға да қатаң сигнал беріп отыр деуге әбден болады.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, Болат Ақшолақовтың басты миссиясы Атырауды тек шикізат көзі емес, трансұлттық капиталмен тең дәрежеде сөйлесетін, ұлттық мүддені қатаң қорғайтын геоэкономикалық фронтқа айналдыру.
Назарбаевтың тұсында қалыптасып, санаға сіңген, әрі кетсе жол жөндеп, құбыр тартумен шектелетін «шаруақор әкім» (хозяйственник) деген ұғым да бірте-бірте келмеске кетеді деп тұспалдаймыз. Өңір басшысы тек асфальт төсеп, бюджеттің қаржысын игеретін қарапайым прораб деңгейінде қала алмайды.
Ақшолақов сияқты технократтың Атыруға келуі келуі аудан аралап, лента қиятын әкім форматын күл-талқан етеді үмітіміз бар. Уақыт көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







