Ақтау қаласында ұлттық өнерді жаңғыртуға бағытталған «Тәрбия» қолөнер орталығы ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты рәсімге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мәлік Әбдіқадыров қатысып, өңір тұрғындарын жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Іс-шара барысында ұлттық нақыштағы сән көрсетілімі ұйымдастырылып, қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Сондай-ақ арнайы лента қию рәсімі өтті.

Үш қабатты орталықта ұлттық қолөнердің толық өндірістік циклі қамтылған. Бірінші қабатта шеберлердің дайын бұйымдары қойылған шоурум орналасқан. Екінші қабат «Шабыт кеңістігі» ретінде шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға арналған. Үшінші қабатта жіп иіру, киіз басу, талшық өңдеу, өрмек тоқу, бау-басқұр жасау және сәндік әрлеу бағыттары бойынша шеберханалар жұмыс істейді.
Орталық базасында кілем тоқу шеберханасы да іске қосылды. Ашылу күні алғашқы кілем станоктан түсірілді. Бұл жаңа орталық жұмысының нақты басталғанын көрсететін символдық сәт болды.
Жоба аясында өңір тұрғындары қолөнерге оқытылып, жұмыспен қамтылып жатыр. Сондықтан «Тәрбия» тек бұйым жасайтын өндірістік алаң емес, ұлттық өнерді үйрететін білім беру орталығы ретінде де маңызды.

Маңғыстау үшін мұндай жобаның мәні зор. Өңірдің туристік әлеуеті тек теңіз, жерасты мешіттері немесе табиғи ландшафтпен шектелмейді. Ұлттық қолөнер де аймақтың мәдени келбетін танытатын маңызды бағытқа айнала алады.
«Тәрбия» орталығының ашылуы қолөнер саласын жаңғыртуға, жергілікті шеберлердің еңбегін нарыққа шығаруға және Маңғыстаудың мәдени-туристік мүмкіндігін кеңейтуге серпін береді.
Маңғыстауда бекіре тұқымдас балық өсіріп, қара уылдырық өндіретін жоғары технологиялы кешеннің құрылысы басталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







