Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) мен Qazaqgaz ұлттық компаниясы Ақтөбе облысында орналасқан «Северный-1» алаңында мұнай-газ қорын барлау бойынша міндетті келісімшартқа қол қойды. Бектенов үкіметі аталған кеніш елдің мұнай-газ өндірісіндегі ірі орталыққа айналады деп үміттеніп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Qazaqgaz ақпаратына сәйкес, жаңа кеніш Бұлаш және Бозоба кен орындарымен шекаралас жатыр. Бұған дейін жүргізілген зерттеулер аумақтарда көмірсутек қорлары 5000-6200 метр тереңдікте екенін анықтаған.
Келісімшарт шарты бойынша CNPC барлау жұмыстары үшін 3,5 миллиард теңге (шамамен 7,4 млн доллар) инвестиция салады. Бұл қаражатқа компания алдымен 2D және 3D сейсмикалық зерттеулер жүргізеді. Келесі кезеңде негізгі барлау ұңғымасы бұрғыланып, қажет болса көлденең ұңғымалар да қазылады.
Алғашқы барлау кезеңінің барлық жұмысын CNPC-дің еншілес кәсіпорны CNPC-Ақтөбемұнайгаз атқарады. Қытай компаниясы аталған кәсіпорынды Қазақстандағы мұнай-газ активтерін жаппай сатып алған 1997 жылы иеленген еді.
Келісімшарт бойынша, барлау кезеңінен кеніш коммерциялық өндіріске шыққанға дейінгі шығындардың барлығын CNPC-Ақтөбемұнайгаз қаржыландырады.
Тағы нені білу керек?
Келісім CNPC мен Qazaqgaz арасында 2025 жылдың маусымында жасалған кең ауқымды ынтымақтастықтың жалғасы. Былтыр қараша айында тараптар «Северный-1» алаңын бірлесіп игеру бойынша серіктестік келісіміне де қол қойған болатын.
Қазақстан билігі «Северный-1» алаңынан мұнайдан гөрі табиғи газдың мол шығатынына үміт артады. Себебі ел ішінде табиғи газға деген сұраныс қарқынды өсіп келеді.
Энергетика министрлігінің дерегінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында газ тұтыну былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шамамен 9%-ға артып, 8,8 млрд текше метрге жеткен.
Qazaqgaz басқарма төрағасы Әлібек Жамауов «Северный-1» алаңын елдің газ қорын арттырудағы маңызды қадам деп атап өтті: «Бұл келісімдер барлау жұмыстарын тезірек бастауға және барлау кезеңіне заманауи техникалық жетістіктерді енгізуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Айтқандай, Қазақстан Оңтүстік Кореяны шикізатпен қамтамасыз етуге әзір. Тараптар арасындағы талқылауды осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







