Маңғыстаулық велосаяхатшы Раббим Борашев Құрылтай депутаттарының сайлауына отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Әлемді велосипедпен аралап жүрген жиһанкез елдің даму бағдарын айқындауда әр азаматтың дауысы маңызды екенін атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Раббим Борашев Маңғыстау өңіріне кеңінен танылған велосаяхатшылардың бірі. Ол түрлі бағыттағы ұзақ сапарлары арқылы Қазақстанды шетелде танытып, спорт пен саяхатты азаматтық ұстанымымен сабақтастырып келеді.
Сайлау күні жиһанкез учаскеге отбасымен бірге келді. Оның айтуынша, қай мемлекетте немесе қандай сапарда жүрсе де, туған елдегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларға бейжай қарамайды.
– Елдің болашағы әр азаматтың қолында. Мен үшін туған елдің қоғамдық-саяси өміріне араласу, өз таңдауымды жасау – азаматтық парыз. Қай жерде жүрсем де, Қазақстанның жетістігіне қуанып, елдің жарқын болашағына өз үлесімді қосқым келеді, – деді Раббим Борашев.
Велосаяхатшы Қазақстанның түрлі өңірін аралау барысында халық арасындағы бірлік пен ортақ мақсатқа деген ұмтылысты ерекше байқағанын айтты. Оның пікірінше, елдің болашағына қатысты жауапкершілік тек мемлекеттік институттарға емес, әр азаматтың жеке ұстанымына да байланысты.
Раббим Борашевтың ең есте қаларлық сапарларының бірі 2024 жылы өтті. Сол кезде ол Ақтаудан Парижге дейін велосипедпен 5 000 шақырымнан астам жол жүріп, жеті мемлекеттің аумағын кесіп өтті.
Аталған велосапар Париж Олимпиадасына қатысқан Қазақстан құрамасына жанкүйерлік қолдау көрсетуге арналды. Ұзақ жол барысында ол ел туын алып жүріп, қазақстандық спортшыларға қолдау білдірді.
Енді оның өміріндегі маңызды сапарларға Құрылтай сайлауындағы азаматтық таңдау да қосылды. Отбасымен бірге сайлау учаскесіне келген Раббим Борашев үшін бұл ел болашағына деген жауапкершілікті білдіретін кезекті қадам болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







