Алматыда 600-ден астам көпбалалы әйел кәсіп ашуға арналған оқудан өтті. Мемлекеттік гранттар, оқыту бағдарламалары және жеңілдетілген қолдау шаралары қаладағы әйелдерге жеке кәсібін бастауға, отбасылық табысын арттыруға және әлеуметтік жобаларды дамытуға мүмкіндік беріп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Сәуле Бекетаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы бағыттағы жұмыстар туралы айтты.
Оның сөзінше, әйелдер арасында ең сұранысқа ие бағдарламалардың бірі «Бастау Бизнес». Аталған бағдарлама кәсіпкерліктің бастапқы дағдыларын үйретіп, жеке ісін ашқысы келетін азаматтарға нақты бағыт береді.
Бағдарлама аясында 647 көпбалалы әйел оқудан өткен. Соның ішінде 281 адам өз кәсібін бастау үшін мемлекеттік грантқа ие болды.
«Әйелдердің көбі қазір шағын жобадан бастап, кейін тұрақты бизнес құрып, жұмыс орнын ашып, жаңа деңгейге көтеріліп жатыр», деді Сәуле Бекетаева.
Спикер көпбалалы аналарға, әлеуметтік осал санаттағы әйелдерге және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Алматыда грантпен қаржыландыру, жеңілдетілген несие беру және ғимаратты жеңілдікпен ұсыну тетіктері жұмыс істейді.
Қазір қаладағы әйелдер қызмет көрсету, білім беру, өндіріс, онлайн-сауда және әлеуметтік бағыттағы жобалар саласында белсенді кәсіп жүргізіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігінің күшеюі тек бір отбасының табысын арттырумен шектелмейді. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнім мен қызметтің көбеюіне, қоғамдағы әлеуметтік белсенділіктің артуына ықпал етеді.
Сәуле Бекетаева грант беру жеткіліксіз екенін, кәсіпті енді бастаған әйелдерге алғашқы кезеңде сүйемелдеу қажет екенін айтты. Көп әйел өз ісін бастарда тәжірибе мен білімнің аздығынан қиналады. Сондықтан консультациялық және білім беру қолдауы негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.
Алматыда жергілікті өндіріс пен отбасылық бизнесті қолдау бағдарламалары да іске асырылып жатыр. 2026 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік, цифрлық сервистер, креативті индустриялар және жеке брендті дамыту болашағы бар бағыттар қатарында аталып отыр.
Сарапшылар әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту қаладағы әлеуметтік тұрақтылыққа да әсер ететінін айтады. Өйткені өз ісін бастаған ана отбасының табысын ғана емес, балаларының болашағына деген сенімін де күшейтеді.
Алматыда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жұмысы жалғасады. Алдағы уақытта оқыту бастамалары мен қаржылай қолдау құралдарының саны арта түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







