Алматы облысының Іле ауданында жылына 100 мың контейнер өңдеуге қауқарлы «Kusto Logistics» көлік-логистикалық орталығы жұмысын бастады. 28,1 млрд теңге инвестиция тартылған кешен өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, импорттық және экспорттық жүк ағынын жеделдетуге мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Заманауи мультимодальды орталық 26,5 гектардан астам аумақты алып жатыр. Мұнда теміржол желісі, контейнер алаңы, екі қойма, жүк тиеу-түсіру аймағы, автомобиль логистикасы және басқару орталығы бір жүйеге біріктірілген. Кешенде 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Нысанның ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі акционері Қанат Көпбаев және жобаға қатысқан компаниялардың өкілдері қатысты.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа терминал жұмыспен қамтуды арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына, салық базасының кеңеюіне және облыс экономикасының өсуіне ықпал етеді.
– Іле ауданының тиімді географиялық орналасуы, негізгі көлік дәліздеріне жақындығы және инженерлік инфрақұрылымы инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастырады. Жаңа кешен еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын маңызды жобаға айналады, – деді облыс әкімі.

Қанат Көпбаев Қазақстандағы контейнерлік ағынның шамамен 80 пайызы Алматы көлік торабы арқылы өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, терминал елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырып, Алматы облысы арқылы жүктерді Қазақстан өңірлері мен көрші мемлекеттерге жөнелтуге мүмкіндік береді.
– Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын табиғи көпір. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалансақ, транзит экономика үшін аса ірі табыс көзіне айнала алады, – деді Қанат Көпбаев.
Орталықта 45 тоннаға дейін жүк көтеретін арнайы кран орнатылған. Құрылғы сағатына 25 контейнер өңдей алады. Кешеннің айлық қуаты 111 мың тоннадан асады.
Қазір терминал аумағында астық қоймасының құрылысы басталды. Жоба аяқталғаннан кейін 14 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға мүмкіндік туады.
Салтанатты рәсім барысында алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты. Осылайша жаңа терминал Алматы облысының жүк қабылдау, сақтау және жөнелту жүйесіне қосылып, өңірдің көлік-логистикалық картасындағы жаңа торапқа айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







