Алматы облысында әлеуметтік осал санаттағы 54 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Баспаналар көпбалалы аналарға, жетім балаларға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға берілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
2025 жылдан бері облыста 3181 пәтер сатып алынған. Соның 2536-сы кезекте тұрған азаматтарға үлестірілді. Жыл соңына дейін тағы 645 пәтердің кілті табысталады.
Тұздыбастау ауылындағы салтанатты рәсімге облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Мұнда 21 отбасы су жаңа баспанаға ие болды. Аймақ басшысы тұрғындардың қуанышына ортақтасып, пәтер кілттерін табыстады.
Қазір Алматы облысында тұрғын үй кезегінде 74 839 азамат тұр. Оның 10 мыңға жуығы Талғар ауданында тіркелген. Соңғы екі жылда ауданда 459 пәтер сатып алынып, 252-сі тұрғындарға берілді.
Жаңа пәтер алғандардың бірі алты баланың анасы Гүлмира Құдайбергенова болды. Ол 2012 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Отбасына кең әрі жарық үш бөлмелі пәтер берілді.
Гүлмираның бір баласының ерекше қажеттілігі бар. Көпбалалы ана баспаналы болатынын естігенде сенер-сенбесін білмей, қатты толқығанын айтты. Жаңа үй балалардың да қуанышын еселеген.
Сол күні Қарасай ауданында 20 азамат пәтер кілтін алды. Іле ауданында тағы 13 отбасы қоныс тойын тойлады. Осылайша облыс бойынша бір күнде 54 отбасының баспана мәселесі шешілді.
Өңірде тұрғын үй қорын ұлғайту жұмысы жалғасады. Кезектегі азаматтарға баспана беру әлеуметтік жағдаймен және белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Әр тапсырылған кілт бір отбасының ұзақ жыл күткен үмітін нақты шаңыраққа айналдырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







