Алматы облысының Іле ауданында Құрылтай сайлауы күні ерекше акция өтті. Запастағы офицер, парашюттік дайындық бөлімінің командирі және тандем-нұсқаушы Тимофей Меркулов ұшақтан парашютпен секіріп, дауыс беру орнына дәл қонды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Парашютшінің аспаннан түскен сәті жиналған жұрт үшін күтпеген көрініске айналды. Іле ауданының тұрғындары спортшының ұшақтан секіріп, жерге қонуын қызығушылықпен тамашалады.
Ерекше акцияны жүзеге асырған Тимофей Меркулов – парашют спорты саласында тәжірибесі мол маман. Оның еншісінде әртүрлі үлгідегі парашюттермен жасалған 1 700-ден астам секіру бар.
Ол Мысырдағы пирамидалар маңына қонған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде де танымал. Бұдан бөлек, Эльбрус тауына парашютпен секіріп, АҚШ аспанында өткен 100-way халықаралық әуе формациясына қатысқан.

Меркуловтың айтуынша, акцияның мақсаты авиация мен парашют спортын насихаттаумен қатар, Құрылтай сайлауына жұрт назарын аудару болған.
– Жақында өңірде авиация мен парашют спортын насихаттайтын тамаша авиациялық фестиваль өтті. Бұл халықтың осы спорт түрлеріне қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Бүгін сол бастаманы жалғастырып, сайлау учаскесіне парашютпен қонуды ұйғардық, – деді Тимофей Меркулов.
Оның пікірінше, парашют спорты мен азаматтық таңдау арасында жауапкершілік тұрғысынан ұқсастық бар.
«Мен үшін дауыс беру – аспанда қабылданатын әрбір шешіммен тең жауапты міндет әрі азаматтық борыш», – деді спортшы.
Парашютшінің дауыс беру орнына қонуы сайлау күнінің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Тұрғындар акцияны қызығушылықпен қабылдап, кейін өздері де сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді.
Осылайша Іле ауданындағы дәстүрлі сайлау күні экстремалды спорт элементімен толықты. Тимофей Меркуловтың аспаннан түскен таңдауы азаматтық белсенділікті өзгеше форматта көрсетуге арналған жарқын акциялардың бірі болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







