Алматы облысында «Qonaev media» өңірлік телеарнасы ашылады. Бұл туралы баспасөз-мәслихатында жаңа теларнаның басшылары мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Алматы облысымен қатар, республика көлемінде тікелей хабар тарататын арнаға танымал тележүргізушілер жетекшілік етпек. Жаңа арнаның жаңа басшысы Қымбат Хангельдина болса, бас продюсер қызметін Қымбат Досжан атқарады.
Жаңалыққа негізделген телерадио кешені қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 12 сағат хабар таратады.
«Мамыр айында ақырындап іске қосылып бастаймыз. Жалпы штат саны-80. Негізгі құрам анықталғанымен, әлі де телеарнаның «ыстығына күйіп, суығына тоңуға» дайын әріптестерді сүзгіден өткізіп, жұмысқа қабылдаймыз. Жұмыс жоспары әзірлену үстінде»,-деді «Qonaev media» телерадиокомпаниясы ЖШС директоры Қымбат Хангельдина.
Алматы облыстық телеарнасы деп саналғандықтан, қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады. Алайда, арна көрерменнің жүрегіне жол тауып жатса, іскерлік жобалар да қолға алынып, кіріс әкелетін арнаға айналу көзделген.
Телеарнада жаңалықтан бөлек, түрлі бағыттағы бағдарламалар эфирден көрсетілмек.
«Ақпараттық хабарлар күнделікті үш мезгіл эфирден беріледі. Апта сайын ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар да жарық көреді. Өңірдің әлеуеті зор. Сондықтан, мәдениет, спорт, туризм бағыттарын қамтитын циклді жобалар болады»,-деді «Qonaev media» арнасының бас продюсері Қымбат Досжан.
Жаңа арна ашылғанымен, теларна қызметкерлері үшін қолайлы кеңсе табу өзекті мәселе болып тұр. «Qonaev media» телеарнасының ғимараты уақытша Алматы қаласында орналасады. Облыс орталығы Қонаев қаласынан арнайы медиа-орталық ашылған кезде арна толықтай облыстың бас шаһарына қоныс аударады.
Айта кетейік, болашақта арна жанынан жергілікті радио құрылып, әуе толқынында хабар тарату жоспарланып отыр.