Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Үкімет отырысында өңірдің жаңа оқу жылына дайындығын баяндады. Соңғы төрт жылда облыста 75 мектеп пен алты қосымша жапсаржай салынды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысандардың қатарында 24 900 орынға арналған 26 «Келешек мектеп» бар. Он мектептің күрделі жөндеуі аяқталды. Тағы екі білім ошағы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Биыл 502 мектепте 385 мыңға жуық бала білім алады. Бірінші сыныпқа 32 мыңнан астам оқушы қабылданған. Оқушы санының тұрақты өсуі жаңа мектеп салуды жеделдетуді талап етеді.
ЕРС+F тетігі арқылы 5100 орындық бес мектеп салу тізімі бекітілді. Алматы агломерациясындағы ауылдарда қала бюджеті есебінен тағы бес білім ошағын тұрғызу жөнінде келіссөз жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 500 орындық үш жатақхана ашылады.
Биыл облыстың білім беру саласына 458 млрд теңге бағытталды. Оқулық қорын толықтыруға 3,3 млрд теңге қарастырылған. Жекелеген санаттағы 63 мың балаға мектеп формасы мен оқу құралдары беріледі.
«Мектепке жол» акциясы арқылы 18 мың оқушыға демеушілік көмек көрсетіледі. 185 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Шалғай ауылдардағы 29 мыңнан астам оқушыны тасымалдауға 3 млрд теңге бөлінді.
Өңірдегі барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Білім ошақтарының 87,9 пайызында жаңа үлгідегі оқу кабинеттері бар. Биыл 78 мектепте 203 заманауи кабинет ашылып, 2020 педагог біліктілік курсынан өтеді.
Қауіпсіздік үшін мектептерге жедел басқару орталығына қосылған 27 мың бейнекамера орнатылды. 213 білім беру ұйымында арнайы күзет қызметі жұмыс істейді. Жаңа оқу жылына дайындық тұрақты бақылауда болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







