Әлеуметтік желіде жоғары сынып оқушысының өзінен кіші сыныптың оқушыларын ұрып жатқаны көрінетін видео тарады. Алматы облысы Білім басқармасы бұл жайтқа байланысты тексеру басталғанын мәлімдеді,– деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Оқиға Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылындағы №49 мектеп оқушылары арасында болған. Алматы облысы Білім басқармасының тәрбие жұмысы, қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Айжан Кәрібайқызы Ізбасар тәртіп бұзушылық фактісіне байланысты тексеру басталғанын айтты.
Оның айтуынша, алдын ала зерттеу нәтижесіне сәйкес, оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында болған. Құқық бұзушылыққа жол берген оқушы 2025 жылдың наурыз айында басқа мектепке ауыстырылғаны анықталды.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті қарастыру мақсатында арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары заңнама талаптарына сай жүргізілуде. Оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіліп, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Бұдан бөлек, жүйелі сипаттағы бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу үшін мониторинг те қолға алынды», – деді Айжан Ізбасар.
Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысы бар оқушылардан бөлек, тәрбиелік жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастырмаған және дер кезінде жоғары тұрған органдарға хабар бермеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралатын болады.
Басқарма өкілі Білім басқармасының басты міндеті – қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру және әр баланың құқығын қорғау екенін атап өтті.