Алматыда қолданылғанына 40 жылдан асқан жылу құбырлары толық жаңартылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қаладағы жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған ірі жоба қолға алынды. Жоба бойынша ЖЭО-2-ден Батыс жылу кешеніне дейінгі жылу магистралінің ескірген құбырлары жаңасына ауыстырылып, толық реконструкциядан өтеді.
Жобаның жалпы құны шамамен 54 млрд теңгені құрайды. Жаңғырту жұмыстарын «Алматы электр станциялары» АҚ жүзеге асырады.
ЖЭО-2 – Батыс жылу кешені жылу магистралі Алматының орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағына жылу жүктемесін жеткізетін маңызды инфрақұрылым саналады. Аталған желі ЖЭО-2-ден Батыс жылу кешеніне қосымша су жіберіп, қаланың жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Қазіргі құбырлардың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. ДУ-800 құбыры 1980 жылы, ДУ-1000 құбыры 1984 жылы іске қосылған. Нормативтік қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, бұл магистраль 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. 2013 жылы жылу магистралі «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нен «АлЭС» АҚ теңгеріміне берілген.
Мамандар жылу магистраліне тұрақты техникалық қызмет көрсетіліп келгенін айтады. Жыл сайын ағымдағы жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Дегенмен құбырлардың табиғи тозуы күшейген. 2022-2025 жылдар аралығындағы жылыту маусымдарында магистраль бойында орта есеппен 45-тен астам зақымдану дерегі тіркелген. Қазір аталған учаскедегі құбырдың тозу деңгейі 85 пайызға жеткен.
Жаңғырту жұмыстарына қажетті құжаттар дайындалған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына, техникалық және авторлық қадағалауға шарттар жасалды. Жұмысты бастауға қажетті рұқсат құжаттары алынды.
Реконструкция 2026 жылдың сәуір айының соңында басталды. Қазіргі кезеңде құрылысқа қажет материалдар жеткізіліп жатыр. Сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін құбырлар кезең-кезеңімен істен шығарылуда.
Жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылып жатыр. Бірінші кезеңді 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Жұмыс барысында құрылыс материалдары, құбыр өнімдері, металл прокаты және электр жабдықтары қолданылады. Маңыздысы, пайдаланылатын материалдардың 99 пайызы отандық өндіріс үлесіне тиесілі.
Алматы үшін мұндай жоба тек құбыр ауыстыру жұмысы ғана емес. Қала халқы өсіп, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар көбейген сайын жылу жүйесіне түсетін салмақ та артып келеді. Сондықтан тозған магистральдарды жаңарту алдағы жылыту маусымдарының тұрақты өтуіне, апат қаупін азайтуға және коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







