Алматы мектептерінде 1 қыркүйекте салтанатты жиындар өтеді. Бұл туралы қала әкімдігі өкілдері мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Алматыда Білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар 1 қыркүйекте қаладағы барлық мектепте өтеді.
«Білім күні» 1 қыркүйекте 1-сынып оқушыларының қатысуымен «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты іс-шара түрінде өткізіледі. 2 қыркүйекте бірінші сабақта 2-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында дәстүрлі сынып сағаты өтеді, одан кейін сабақтар кесте бойынша жалғасады», — деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін БАҚ-та «Алматыда 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау болмайды» деген ақпарат тараған еді. Қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова 1 қыркүйек демалысқа түсіп тұрғанын мәлімдеді.
«1 қыркүйек демалыс күніне түскендіктен, балалар демалады. 2 қыркүйекте бәріміз мектепке барамыз», – деді әкім орынбасары.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 1 қыркүйек — жексенбі күні алғашқы қоңырау өтетінін хабарлады.
«Дәстүр бойынша алғашқы қоңырау 1 қыркүйекте бүкіл Қазақстан бойынша өтеді», — дейді министрлік өкілдері.