Алматының Жетісу ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, 100 жастағы Илья Григорьевич Кудин сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ғасыр жасаған қарияның Құрылтай сайлауына қатысуы азаматтық жауапкершілік пен ел тағдырына бейжай қарамаудың айқын көрінісіне айналды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Илья Григорьевич егде жасына қарамастан, қоғам өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысуды азаматтық парыз деп санайды. Ол сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру арқылы өзінің осы ұстанымына тағы бір мәрте адал екенін көрсетті.
Ардагердің өмір жолы ел тарихындағы күрделі кезеңдермен сабақтас. Соғыс жылдарындағы ерлік пен кейінгі бейбіт өмірдегі еңбек оның тағдырында Отанға адалдық, қайсарлық пен жауапкершілік ұғымдарын терең орнықтырған.
Бүгінде 100 жасқа толған Илья Кудин қоғамдық өмірге қызығушылығын жоғалтпай, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқаннан тыс қалмады. Оның сайлауға қатысуы кейінгі буын үшін де азаматтық белсенділіктің жасқа тәуелді емес екенін көрсететін өнегелі сәт болды.
Жетісу ауданындағы сайлау учаскесінде ғасыр жасаған ардагердің дауыс беруі көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Илья Григорьевичтің таңдауы – ұзақ ғұмырдың тәжірибесі мен елге деген құрметтің тағы бір көрінісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







