Алматыда бизнес, медиа және креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен IV PR ROOM CREATIVE INDUSTRIES FORUM қарсаңындағы префорум өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға сәулет, кино, медиа, урбанистика және креативті бизнес саласында жұмыс істейтін мамандар қатысты. Префорумды Айнұр Байғожа құрған PR Room қауымдастығы Алматы қаласын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Кездесу креативті индустрияны дамытуға қатысты өзекті мәселе талқыланатын кәсіби алаңға айналды. Қатысушылар шығармашылық жобаларды қаржыландыру, тұрақты бизнес-модель құру және креативті өнімді табысты монетизациялау жолдарын қарастырды.
Сонымен қатар беделді қорғау, авторлық құқықты сақтау және креативті жобаны тиімді басқару мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұндай тақырыптар қазіргі шығармашылық нарық үшін маңызды. Себебі жақсы идеяны іске асырумен қатар, оны заңдық, қаржылық және коммуникациялық тұрғыдан дұрыс қорғау қажет.
Бағдарлама аясында сарапшылар баяндама жасап, нақты кейстер талданды. Қатысушыларға шеберлік сабағы ұйымдастырылып, креативті бизнестегі тәжірибелік шешімдер ұсынылды.
Алматыдағы префорум 16 мамырда Астанада өтетін IV PR ROOM CREATIVE INDUSTRIES FORUM-ға дайындық кезеңдерінің бірі саналады. Негізгі форум креативті жобаларды қаржыландыру мәселесіне арналмақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаңдар креативті экономиканың дамуына, бизнес пен медиа арасындағы байланыстың нығаюына және кәсіби қауымдастықтың ортақ шешім іздеуіне мүмкіндік береді. Креативті индустрия енді тек өнер немесе шығармашылық орта ғана емес, қала экономикасына әсер ететін, жаңа жұмыс орындарын ашатын және заманауи нарық қалыптастыратын маңызды бағытқа айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







