Алматыда жақын уақытта 1 971 отбасы жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізеді. Сонымен қатар «Алматы жастары» бағдарламасына өтініш берген 3 968 жас маманның құжаты мақұлданды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаеваның айтуынша, мемлекеттік тұрғын үйді бөлу жүйесі толық цифрлық форматқа көшірілген. Ұлттық даму институты мәртебесін алған банк ел бойынша тұрғын үй кезегін біріктіріп, азаматтардың мәліметін түгендеген.
Баспана бөлу үшін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Пәтерлер енді кезекке қойылған күн мен азаматтың басымдық санатына қарай автоматты түрде ұсынылады. Мұндай тәсіл шешім қабылдау кезінде адам факторының ықпалын азайтып, тұрғын үй бөлудің ашықтығын арттыруға бағытталған.
– Жаңа жүйенің басты мақсаты — тұрғын үйді барынша ашық әрі әділ бөлу. Қазір пәтер адам факторына емес, кезекке қойылған күні мен азаматтың басымдық санатына қарай автоматты түрде беріледі. Цифрландырудың арқасында жыл сайын бөлінетін тұрғын үй көлемін үш есеге жуық арттыра алдық, – деді Кәмшат Оңалбаева.
2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы маусымға дейін «Отбасы банк» республика бойынша 22 856 пәтерді бөлген. Осы кезеңде жергілікті әкімдіктер банкке 29 268 тұрғын үй тапсырды. Оның 17 985-і жалға берілетін пәтер болса, 11 283 баспана жылдық 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы ұсынылған.
Алматы әкімдігі банкке сегіз тұрғын үй кешенінен 816 пәтер өткізді. Қазір 516 кезекте тұрған азаматпен жалдау шарты жасалған. Қалған тұрғындар қажетті құжаттарын рәсімдеп жатыр.
Жаңа қоныстанушылар арасында екі жасынан бастап жетім бала ретінде тұрғын үй кезегінде тұрған 19 жастағы алматылық та бар. Сонымен қатар 2025 жылы жеке санат ретінде енгізілген «жесірлер» тобына кіретін 64 азамат алғаш рет баспаналы болды.
Бұдан бөлек, 166 жетім бала, мүгедектігі бар 176 азамат, 249 көпбалалы және толық емес отбасы үй алды. Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 135 отбасы да тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
– Әр санның артында адам тағдыры тұр. Екі жасынан бастап жеке баспанасын күткен жас жігіттің бүгін өз үйіне қол жеткізуі — жаңа жүйенің нақты нәтижесі. Осындай тағдырлар үшін тұрғын үй бөлу тетігі жаңартылды, – деді банк өкілі.
Алдағы уақытта Алматы әкімдігі «Отбасы банкке» тағы 1 971 жалдамалы пәтер тапсырады. Оның 1 595-і әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі. Қалған 376 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған өзге азаматтарға арналған.
Жас мамандар Алматыдан 5 пайыздық несиемен үй ала алады
Баспасөз мәслихатында биыл он жылдығын атап өтіп жатқан «Алматы жастары» бағдарламасының нәтижесі де таныстырылды. Бағдарлама іске қосылғалы 8 326 жас алматылық тұрғын үй жағдайын жақсартқан. Берілген жеңілдетілген несиенің жалпы көлемі 179,2 млрд теңгеге жетті.
2026 жылы бағдарламаға қатысу үшін 5 363 адам өтініш берген. Құжаттарды тексеру нәтижесінде 3 968 жас маман мақұлдау алды. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, журналист, коммуналдық сала маманы, мәдениет қызметкері және құқық қорғау органының өкілі бар.
Бағдарлама бойынша берілетін несиенің ең жоғары сомасы 20 млн теңгені құрайды. Бастапқы жарна 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме 5 пайыз деңгейінде белгіленген. Сатып алынатын баспананың жалпы құнына шектеу қойылмайды. Несие сомасы мен пәтер бағасының айырмасын қатысушы өз қаражатынан төлейді.
Қатысушылар қайталама нарықтан тұрғын үй сатып ала алады. Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болған жағдайда пайдалануға берілген немесе салынып жатқан тұрғын үй кешенінен де пәтер таңдау мүмкіндігі бар.
«Алматы жастары» бағдарламасының ауқымы он жыл ішінде едәуір кеңейді. Алғашқы жылы жеңілдетілген несиеге 100 адам ғана қол жеткізсе, 2025 жылы олардың саны 2 276-ға жеткен.
Кәмшат Оңалбаеваның пікірінше, өтініш санының жыл сайын артуы бағдарламаға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан жастардың тұрғын үй мәселесін қолжетімді шартпен шешуге арналған қолдау тетіктерін жетілдіру жалғасады.
Жалдамалы пәтерлерді автоматты бөлу мен жас мамандарға жеңілдетілген несие беру Алматыдағы тұрғын үй саясатының негізгі екі бағытына айналып отыр. Біріншісі әлеуметтік осал азаматтарға кезек тәртібімен баспана ұсынуға арналса, екіншісі еңбек етіп жүрген жастардың өз үйін сатып алуына мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







