Алматыдағы «ADD» үстел теннисі орталығында журналистер мен блогерлер арасында үстел теннисінен жарыс өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Спорттық іс-шараны Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Әдетте оқиға ортасында жүріп, жарыс пен жеңіс туралы хабар тарататын медиа мамандары осы жолы өздері бәсекенің басты кейіпкеріне айналды.
Турнирге еліміз бен қаланың бірқатар белді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тележүргізушілер, тілшілер, спорт шолушылары, фотографтар мен блогерлер қатысты. Кәсіби ортадағы әріптестік бір сәтке спорт алаңындағы тартысқа ұласып, қатысушылар жылдамдық, реакция, тактикалық ойлау және сабыр сыналған ойында бақ сынады.
Жарыс қызықты әрі тартысты өтті. Қатысушылар үстел теннисінде бір ұпайдың өзі ойын бағытын күрт өзгертіп жіберетінін айтты. 31 арнадағы «Информбюро» бағдарламасының продюсері Асқарбек Қазанғаптың сөзінше, бұл спортта шеберлікпен бірге төзім мен мінез де шешуші рөл атқарады.
«Басты ерекшелігі – ойын сәт сайын өзгеруі мүмкін. Сайыста шеберлік қана емес, адамның сабыры мен төзімділігі де сынға түседі. Мұнда күші мығым адам емес, рухы күшті адам жеңіске жетеді», – деді ол.
Былтырғы турнир жеңімпазы, Bizmedia.kz өкілі Айнұр Байтұма да биылғы бәсекенің оңай болмағанын айтты. Оның сөзінше, қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болғандықтан, әр ойында барынша жинақы болу қажет болған.
Ракетка ұстаған репортерлер
Жарыстың жүлде қоры да қатысушылардың жігерін қамшылай түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Бірінші орын иегері 500 мың теңге, екінші орын 400 мың теңге, үшінші орын 300 мың теңге алды. Төртінші орынға 200 мың теңге, ал бесінші, алтыншы және жетінші орындарға 100 мың теңгеден берілді.
Ұйымдастырушылар қонақтар үшін ойын-сауық бағдарламасы мен фуршет те дайындады. Осылайша жарыс жай ғана спорттық турнир деңгейінде қалмай, медиа қауымдастықтың басын қосқан үлкен мерекеге айналды.
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі Балсұлу Әлекенованың айтуынша, өткен турнир спорттың түрлі мамандық иесін біріктіре алатынын тағы бір мәрте көрсетті.
«Журналистер мен блогерлер жеңіске жеткенімізді хабарлап қана қоймай, өздері де сол жеңіс үшін жанын салып күресе алатынын көрсетті», – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша VII орынды «МИР» телеарнасының өкілі Кирилл Харламов иеленді. VI орын «Алатау ақпарат» өкілі Естай Босжанға бұйырды. V орынға «Курсив» басылымының өкілі Рауан Мұтайыр шықты. IV орынды «Хабар» телеарнасынан Саят Шапағатов алды.
Үшінші орын 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасының өкілі Ержан Жүнісовке берілді. Екінші орын «Курсив» басылымының өкілі Алмас Магпозға бұйырды. Ал турнир жеңімпазы атанып, бірінші орынды «Хабар» телеарнасының өкілі Қайрат Зиябеков жеңіп алды.
Журналистер арасындағы мұндай жарыстар кәсіби ортаға жаңа серпін береді. Қалам мен камера ұстаған қауымның спорт алаңындағы кездесуі әріптестік байланысты күшейтіп қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттаудың да жарқын үлгісіне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







