Алматыда алғаш рет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа құжат зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын күшейтуге, қауіпті жағдайды ерте анықтауға және зардап шеккендерге көрсетілетін көмекті жүйелеуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, әйелдер көбіне жылдар бойы жәбір көріп, жағдай шегіне жеткен кезде ғана көмек сұрайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дағдарыс орталықтары одағы заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрағасы Зульфия Байсақова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қандай қолдау қажет екенін және неге кей әйелдер жәбір көрсеткен адамға қайта оралатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, зардап шеккендер ең алдымен психологиялық көмекке мұқтаж. Әйелдер мен балалар қорқыныштан арылып, күйзелістен шығу, өзіне сенімін қайта қалыптастыру және зорлық-зомбылық салдарын еңсеру үшін мамандарға жүгінеді. Сонымен қатар уақытша баспана, құжаттарды қалпына келтіру, жұмысқа орналасу, жәрдемақы алу сияқты әлеуметтік көмекке де сұраныс жоғары.
Құқықтық қолдау да маңызды. Зардап шеккендерге қорғаныс нұсқамасын рәсімдеу, ажырасу, алимент өндіру, балалардың құқықтарын қорғау кезінде заңгерлік көмек қажет болады.
Зульфия Байсақованың сөзінше, әйелдердің көмекке кеш жүгінуіне бірнеше себеп бар. Олар зорлық-зомбылық күшейіп кетеді деп қорқады, агрессорға экономикалық жағынан тәуелді болады, туыстарының қысымынан және қоғамның айыптауынан қауіптенеді. Көп жағдайда жәбір көрсеткен адам «өзгеремін» деп уәде берген соң, әйел бұрынғы өміріне қайта оралады.
Дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, елде мемлекеттік және үкіметтік емес дағдарыс орталықтарының желісі бар. Олар қауіпсіз кеңістік ұсынып, уақытша орналастыру және кешенді қолдау көрсетеді. Алайда қазіргі мүмкіндік сұранысты толық өтеуге әлі жеткіліксіз.
Зорлық көрген әйелді қорғау маңызды міндет
Психологиялық көмекке дағдарыстық кеңес беру, жеке терапия, жарақатпен жұмыс, топтық сабақ және зорлық-зомбылыққа куә болған балаларды сүйемелдеу кіреді. Қолдау көрсету мерзімі адамның жағдайына қарай бірнеше кеңестен бірнеше айға дейін созылуы мүмкін.
«Әйелдердің көбі бұрынғы өміріне қайта оралады. Негізгі себеп – баспананың жоқтығы, қаржылық қиындық, баланың болуы, туыстардың қысымы және бауыр басып қалу. Зорлық-зомбылықтан шығу – қауіпсіздік пен дербестікті қалпына келтіруге бағытталған ұзақ процесс. Сондықтан ұзақ мерзімді қолдау аса қажет», деді Зульфия Байсақова.
Мамандар Қазақстанда шұғыл баспана, қорғаныс және әлеуметтік қызметтерді ұсынатын дағдарыс орталықтары мен уақытша паналау орындары жұмыс істейтінін айтады. Сонымен қатар қорғаныс нұсқамасы, әкімшілік және қылмыстық шаралар, агрессорды уақытша оқшаулау тетіктері қарастырылған. Дегенмен паналау орындарының саны мен мекемеаралық әрекет ету жылдамдығы әлі де жеткіліксіз.
Соңғы жылдары дағдарыс орталықтарының полиция және сот органдарымен байланысы күшейіп келеді. Қазір мамандар полиция қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, дағдарыс орталықтары сүйемелдеу мен оңалтуды жүргізетін, соттар қорғау және жауапкершілік шараларын қолданатын бірыңғай жүйе құруды маңызды деп санайды.
Зульфия Байсақованың айтуынша, Алматы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді мекемеаралық тәсілді жүйелі қалыптастырып жатқан алғашқы қалалардың біріне айналып отыр. Қала әкімінің тапсырмасымен әзірленіп жатқан жоспар профилактиканы күшейтуге, зорлық-зомбылықты ерте анықтауға, психологиялық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Дағдарыс орталықтары одағы Қазақстан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді, соның ішінде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ұсынымдарды іске асырып келе жатқанын атап өтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке отбасының ішкі мәселесі ретінде қаралмауы керек. Бұл – адамның қауіпсіздігіне, баланың болашағына және қоғамның моральдық саулығына тікелей әсер ететін күрделі әлеуметтік проблема. Сондықтан Алматыда әзірленіп жатқан мекемеаралық жоспар зардап шеккен адамды жалғыз қалдырмайтын нақты жүйе қалыптастыруға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







