Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев азаматтарды жеке қабылдап, жарық, жер, газ, кәріз және білім саласына қатысты шағымдарды тыңдады. Кездесу қорытындысында аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өрікті ауылының тұрғыны егістік жерінде заңды тіркелмеген зират орналасқанын айтты. Соның салдарынан ол 400 метр аумақты агротуризм мен шаруашылыққа пайдалана алмай отыр. Аудан әкімдігі зиратты жабу ауылдағы орын тапшылығына байланысты күрделі екенін жеткізді.
Марат Сұлтанғазиев зират жыл сайын кеңейсе, ауылға жақындай беретінін ескертті. Ол елді мекенге немесе ауыл шаруашылығына қажет жерді бейітке айналдыру дұрыс болмайтынын айтты. Жауапты органдарға зират орнын ауыстыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Н. Тілендиев ауылының тұрғындары кәсіпорындар мен «Алматы Су» кәріз жүйесінен тарайтын иіске шағымданды. Тексерістен кейін жауапты нысандарға 13,5 млн теңге айыппұл салынғанымен, мәселе шешілмеген. Әкім прокуратурамен бірлесіп, заңдық шараларды күшейтуді тапсырды.
«Алтын адам» саяжайындағы 105 отбасы электр энергиясының әр киловатына 42 теңге төлейді. Қалған 25 үй бес жыл бойы төмен тарифпен есеп айырысып, кооперативті 1,96 млн теңге қарызға батырған. Әкім заң талабына бағынбаған тұрғындарды жауапқа тартуды тапсырды.
Саяжайдағы жер телімдерін рәсімдеу мәселесі де газ құбырын тартуға кедергі келтіріп отыр. Қазір аумақты елді мекен санатына ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Жауапты мамандар бұл рәсім шамамен екі айға созылатынын айтты.
«Асыл арман» кешеніндегі ата-аналар балаларының оқулық ала алмай жүргенін жеткізді. Орын тапшылығына байланысты 2000 оқушы жекеменшік мектепте бюджет есебінен тегін оқиды, алайда мектеп оларға кітап бермеген. Білім басқармасына өзге мектептердегі артық оқулықтарды жаңа оқу жылына дейін жеткізу тапсырылды.
Оқулық сатып алуға биыл 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Әкім осы қаржының әр балаға нақты пайдасы тиюі керектігін ескертті. Жеке қабылдауда көтерілген мәселелер шешім қабылданғанша бақылауда болуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







