Қазақстанда шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға арналған «Алтын виза» тетігі енгізіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көші-қон саясаты жаңа бағытқа бұрылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Үкімет шетелден келетін қажет маман мен капиталға бұрынғыдай күрделі әкімшілік сүзгі арқылы емес, икемді әрі түсінікті жүйе арқылы қарамақ.
Балаева жаңа тәсілдің басты мақсаты ел экономикасына керек мамандар үшін ашық, болжамды және қолайлы көші-қон тәртібін қалыптастыру екенін айтты. Сөз шетелдік азаматтың Қазақстанға еркін келуі, кәсіби әлеуетін іске асыруы және ел өміріне жайлы бейімделуі туралы болып отыр.
Жаңа жүйеде бірнеше бағыт бар
Біріншісі көші-қон саласында «бір терезе» қағидатын күшейту. Яғни мәртебе рәсімдеу, жұмысқа рұқсат алу және соған қатысты құжат жинау бірыңғай жүйеге көшірілуі тиіс. Әртүрлі мекеменің есігін жағалау қысқарады.
Екінші бағыт бюрократияны азайту. Өтініш қарау мерзімі қысқарып, әкімшілік рәсімдер жеңілдейді. Мемлекет процесті қағазбастылықтан арылтып, цифрлық бақылауға сүйенбек.
Ең көп назар аудартқан тұс «Алтын виза». Аида Балаеваның сөзінше, жаңа құрал инвесторлар мен жоғары білікті мамандарға ұзақ мерзімді әрі тұрақты жағдай жасау үшін қажет. Мәселен, өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жоба іске асыратын шетелдік инвестор Қазақстанда жұмыс істеу мен тұрудың айқын шарттарына ие болады. Инженерия, IT немесе медицина секілді сұраныс жоғары саланың маманы да заңдастыру мен жұмысқа орналасуда жеңілдетілген тәртіпке қол жеткізеді.
Тағы бір маңызды өзгеріс…
кәсіби біліктілікті тануға қатысты. Тапшы әрі технологиялық салаларда шетелдік диплом мен біліктілікті растау мерзімі айлап созылмай, қысқа рәсімге ауысуы мүмкін. Бірақ сапа мен қауіпсіздік талабы сақталады.
Балаева мемлекеттің бақылаудан бас тартпайтынын, керісінше оны нақты әрі технологиялық деңгейге шығаратынын атап өтті. Яғни Қазақстан шекарасын бейберекет ашып тастауды емес, экономикаға пайда әкелетін кадр мен капиталды іріктеп тартуды көздеп отыр.
Үкіметтің есебі түсінікті: жаһандық бәсекеде инвестиция, технология және адам капиталы үшін тартыс күшейіп келеді. «Алтын виза» сол жарыста Қазақстанның қолын ұзартатын құралға айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







