AMANAT фракциясының депутаттары үкіметке так называемые қоғамдық марапаттарды реттеу туралы депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс өкілдерінің пайымынша, ел ішінде күмәнді медаль, атақ пен төсбелгі тарату белең алып, шынайы еңбектің салмағын жеңілдетіп барады.
Депутат Ерболат Сатыбалдының айтуынша, той-томалақта да, іскерлік ортада да әркімге үлестірілетін дабырасы көп, салмағы аз «марапат» қаптап кеткен.
Әңгіме «ең үздік құда», «құрметті азамат», «батыр» секілді атақтар мен белгілер туралы болып отыр. Оның сөзінше, мұндай үрдіс нағыз жетістік пен шынайы беделдің құнын түсіреді.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше…
Пайда қуған пысықайлар «Алтын адам», «Ғасыр адамы» тәрізді энциклопедия шығарып, 300 мың теңгеге кез келген адамды «таңдаулылар» қатарына қоса салуға дайын. Тіпті тапсырыс берушінің ата-бабасын да тізімге енгізуге дейін барады. Депутат атаған мысалдар қатарында «Қазақстанның құрметті азаматы», «Ұлт ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Қазақстанның қайраткері», «Алаш ұлы», «Ұлы Дала ұлы», «Арда азамат», «Тұлға» секілді атаулар бар. Оның сөзінше, осындай жасанды орден мен төсбелгінің тізімі таусылар емес.
Ерболат Сатыбалды нақты бір жайтты да алға тартты.
Айтуынша, 2025 жылғы 25 желтоқсанда Qazaqstan ardagerleri қоғамдық бірлестігі бірқатар азаматқа Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Батыр шапағаты» және «Ел жанашыры» белгілерін тапсырған. Кейін ол белгілердің атауы мен дизайны мемлекеттік наградаларға ұқсас деп танылған.
Соның салдарынан ұйымдастырушы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 674-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған.
Осыған байланысты
Мәжілісмендер бірнеше нақты ұсыныс айтып отыр. Ең алдымен заңда «қоғамдық марапат» ұғымын бекітіп, ондай марапаттарды табыстаудың тәртібін айқындау қажет деген ұстаным білдірілді.
Сондай-ақ тарихи тұлғалардың есімін және мемлекеттік марапатқа ұқсайтын ресми тіркестерді мұндай атауларда қолдануға тыйым салу ұсынылды. Бұған қоса, сараптаманы міндеттеу және мемлекеттік ордендерге еліктегені үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі көтерілді.
Осылайша, Мәжіліс марапаттың мәнін мансапқа емес, саудаға айналдырған көлеңкелі нарыққа шектеу қоюды талап етіп отыр. Өйткені атақ арзан таратылған жерде абыройдың да салмағы кемиді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







