Астанада «Alem.ai» Халықаралық жасанды интеллект орталығында «AMANAT» партиясы Кәсіпкерлер қанатының IT-қауымдастық және бизнес өкілдерімен кездесуі өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, жетекші технологиялық компаниялар, банк секторы, телекоммуникация операторлары, IT-кәсіпкерлер және өңірлерден онлайн қосылған қатысушылар жиналды.
Жалпы кездесуге шамамен 440 адам қатысты. Басқосуда цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және Қазақстанның заманауи цифрлық экономикасын қалыптастыру бағытындағы бірлескен жұмыс мәселесі талқыланды.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет цифрлық трансформация мен жасанды интеллект құралдарын енгізуге ерекше мән беріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, алдағы үш жылда Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Осы мақсатта инфрақұрылым құру, заңнаманы жаңарту және IT-салаға инвестиция тарту жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр.

Ерлан Қошанов цифрлық жаңғыру кәсіби қауымдастықтың ғана міндеті болмауы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, депутаттар, мемлекеттік органдар, бизнес және IT-сала арасында нақты серіктестік қалыптаспайынша, технологиялық серпілістен жоғары нәтиже күту қиын.
Мәжіліс Спикері депутаттар IT-қауымдастықпен бірлесіп, Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және басқа да маңызды құжаттарды әзірлегенін жеткізді. Аталған заңнамалық бастамалар мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың мүддесін ескере отырып, цифрлық болашақтың нақты ережелерін айқындауға бағытталған.
AMANAT IT бизнеске жаңа ереже ұсынды
Кездесуде тұрғындардың цифрлық сауатын арттыру мәселесі де сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыс елдің барлық өңірінде, әсіресе аға буын өкілдері мен жастар арасында жүргізіліп жатыр. Бастама аясында мыңдаған отбасы «Әлеуметтік әмиян» сервисін пайдалану және интернет арқылы қосымша табыс табу дағдыларын меңгерген.
Ауылдық жерлерде аудандық IT-хабтар ашу жұмысы да қарқын алып келеді. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 14 аудандық IT-хаб жұмысын бастаған. Мұндай орталықтар ауыл жастарына сапалы білім беру ортасына қол жеткізуге, стартап жобаларды іске қосуға және технологиялық ортаға ерте бейімделуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд АҚШ долларынан асқанын атап өтті. Ол цифрлық экономиканы дамыту үшін офтейк-келісімшарттар енгізу, түрлі салық режимдері арасындағы кедергілерді азайту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру секілді ұсыныстарды ортаға салды.
Amanat Hub және цифрлық буын
«Атамекен» ҰКП Президиумы төрағасы Қанат Шарлапаев елдің цифрлық трансформациясында жеке IT-бизнестің рөлін күшейту қажет екенін айтты. Ол цифрлық құзыреттерді тәуелсіз бағалау жүйесін енгізіп, IT-мамандарды халықаралық сертификаттау тетіктерін дамыту керектігін жеткізді. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске арналған дайын цифрлық сервистер мен AI-шешімдерді қамтитын «ШОБ-қа арналған цифрлық пакетті» іске қосуды ұсынды.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев «Amanat Hub» креатив орталығын таныстырды. Жаңа алаң креативті идеялар, вайбкодерлер және IT-таланттарды қолдауға арналған жалпыұлттық ортаға айналмақ. Жоба жас азаматтарды Қазақстанның цифрлық болашағын қалыптастыруға тартуға бағытталған.
«Kaspi.kz» АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамыту мен банк секторы және мемлекет арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталды. «Freedom Telecom Operations» ЖШС бас директоры Қайрат Ахметов 5G мен IoT-шешімдерді жылдам енгізу үшін радиожиілік спектрін басқару жүйесін жаңғырту қажет екенін айтты.
Сондай-ақ «Innoforce» IT-компаниясының негізін қалаушы Ханат Нұрекенов Smart City жобаларына жеке капитал тарту және қалалық ортаға арналған цифрлық шешімдерді дамыту мәселесін көтерді. Қазақстандағы inDrive басшысы Арай Бекембаев платформалық жұмыспен қамту және цифрлық платформаларды реттеу тетіктерін жетілдіру жайын қозғады.

Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығының президенті Айымгүл Әбілева құқық қолдану тәжірибесінің теңгерімді моделін қалыптастырып, IT-кәсіпкерлікке қолайлы орта жасау қажет екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру үшін Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар және IT-қауымдастық арасындағы бірлескен жұмысты күшейтуге уағдаласты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







