Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың арасында жас дәрігер, стоматолог Сәлима Жутаева бар, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Марқұм болғандардың арасында Маңғыстау облысының үш тұрғыны, астаналық әйел мен оның ұлы және Қостанай облысының тумасы Сәлима Жутаева бар.
Сәлима 29 жаста болған. Ол Қостанайда стоматолог болып жұмыс істеген. Сәлима Жутаева трагедиядан үш күн бұрын Instagram парақшасында әзербайжан тілінде «Сен жаңбырдағы күн сияқтысың» деп жазба жариялаған.
Сәлима Жутаеваның парақшасында оның стоматолог екені және саяхаттауды ұнататыны жазылған. Сондай-ақ, оның өміріне байланысты Қостанай мен Грозный қалалары аталады. Қыздың парақшасында кәсіби қызметін көрсететін көптеген сурет бар.
Марқұмның оқырмандары оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып жатыр.
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі — бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды.