Арнайы мақсаттағы бөлімшелер ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең кәсіби әрі даярлығы жоғары құрылымдардың бірі саналады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Күштік құрылымдар құрамындағы арнайы жасақ жауынгерлеріне ұлттық қауіпсіздікті қорғау, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүргізу, мемлекеттің егемендігін сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді аса жауапты міндеттер жүктелген. Бұл бөлімшелердің ерекшелігі – күрделі жағдайда жедел шешім қабылдай білуі, жоғары физикалық дайындық пен психологиялық төзімділігі.
Арнайы мақсаттағы бөлімшелердегі кәсіби шеберліктің басты көрсеткіштерінің бірі – арнайы берет кию құқығына арналған біліктілік сынақтары. Бұл күштік құрылымдардағы ең күрделі сынақтардың бірі ретінде бағаланады. Үміткерлер тактикалық дайындық, атыс шеберлігі, арнайы операция жүргізу машығы және төзімділік бойынша бірнеше кезеңнен өтеді.
Арнайы беретке тек ең үздік әскери қызметшілер ғана қол жеткізеді. Сондықтан ол тек киім үлгісінің элементі емес, жауынгердің кәсіби деңгейін айқындайтын мәртебе белгісі болып саналады.
Қазақстандық арнайы жасақтың кәсіби деңгейі халықаралық деңгейде де мойындалып келеді. Соңғы жылдары қазақстандық бөлімшелер шетелде өткен түрлі оқу-жаттығу мен халықаралық турнирлерде жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Әсіресе Дубайда өтетін арнайы мақсаттағы бөлімшелер арасындағы халықаралық жарыстардағы жетістіктер ерекше назар аудартты. Қазақстандық жауынгерлер әлемнің үздік командаларымен бәсекеге түсіп, өздерінің жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.

Сонымен қатар «Томирис» әйелдер командасы да жоғары нәтиже көрсетті. Олар әйелдер құрамалары арасында үздік атанып қана қоймай, көптеген ерлер командаларын да артта қалдырды. Бұл қазақстандық арнайы жасақ құрамындағы әйел әскери қызметшілердің даярлық деңгейі жоғары екенін көрсетті.
Қазіргі таңда арнайы мақсаттағы бөлімшелер заманауи технологияларды меңгеруге, жаңа тактикалық тәсілдерді игеруге және жауынгерлік әлеуетін күшейтуге ерекше көңіл бөліп отыр. Қауіпсіздік саласындағы қатерлер өзгерген сайын олардың дайындық талаптары да күрделене түсуде.
Мамандардың пікірінше, арнайы жасақтың күші тек қару-жарақпен өлшенбейді. Негізгі артықшылық – тәртіп, кәсібилік, үйлесімді әрекет және кез келген жағдайда тапсырманы орындауға дайын болу.
Арнайы мақсаттағы бөлімшелер күні қарсаңында ел қауіпсіздігі жолында қызмет атқарып жүрген барлық әскери қызметші мен арнайы жасақ қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар күн сайын жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істеп, мемлекеттің қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







