30 000-нан аса қазақстандық пен елорда қонақтары Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» — La Bella Principessa көрмесін тамашалады. Италияның Қазақстандағы елшілігінің, ForteBank, Mastercard, Scripta Maneant, Италияның мәдениет институты мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің күш-жігерінің арқасында атақты итальян суретшісінің шедеврі Астанадағы ҚР Ұлттық музейіне қойылды.
Көрменің алғашқы қонағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Ақорданың баспасөз қызметі мәліметінше, маусымның басында Мемлекет басшысы Ұлттық музейге барып, отандық және әлемдік бейнелеу өнері туындыларының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, Президентке La Bella Principessa картинасы көрсетілді. Көрменің ашылуы ҚР Ұлттық музейінің он жылдық мерейтойымен және иелерінің айтуынша, 528 жасқа толған картинаның туған күнімен тұспа-тұс келді.
Астанада көрмені өткізу идеясы Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альбертиге тиесілі. La Bella Principessa көрсетіліміне дайындық барысы қиынға соққан, ол алты айға созылды, ал да Винчидің картинасын сақтандыру құны шамамен 200 миллион еуро тұрады.
La Bella Principessa — Леонардо да Винчи XV ғасырдың соңында салған қыздың портреті, туынды итальян ақсүйегіне тиесілі. Да Винчидің бұл жұмысы бүкіл әлем бойынша бес рет қана көрсетілді.
Ұйымдастырушылар көрме Да Винчидің картинасын Астанада көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар, Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға жасалған қадам деп санайды.
Леонардо да Винчидің шедеврін тамашалау аяқталуына бірнеше күн қалды, ол 4 тамызға дейін жалғасады. Сенбі және жексенбі күндері ҚР Ұлттық мұражайы 10:00-ден 18:00-ге дейін, касса 17:00-ге дейін жұмыс істейді.