Еревандағы сайлау Кремль фиаскосымен аяқталды. Никол Пашинянның мансабындағы ең ауыр дода Мәскеудің бұрынғы айбарынан айырылғанын біржола дәлелдеді деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшы Нұрлан Жұмаханның пікірінше, Кремль Әрмениядағы билікті ауыстыру үшін ақша аямаған. Солай бола тұра, Ереванның Батысқа бет түзеуін бұғаттау жоспары күл-парша болған. Айта кетелік, премьердің «Азаматтық келісім» партиясы 49,8 пайыз дауыспен жалғыз өзі көпшілік орынды сақтап қалды. Сарапшы аталған нәтижені көршінің астамшыл саясатының күйреуі деп бағалауда.
«Путин пропагандасы Пашинянның партиясын «соғыс партиясы» деп, қоғамды стресске түсіргісі келді. Халықтың жаңа қақтығыстан қорқу сезімін саудаға салып, армяндарды «украин сценарийімен» сескендірді», — дейді Нұрлан Жұмахан.
Сарапшының сөзінше, Кремль шешуші сәтте экономикалық шантажға көшкенімен, Батыс Ереванды жалғыз қалдырмай, ресейлік бұғаттауға тап болған тауарларға өз нарығын айқара ашқан. Дональд Трамп та Пашинянның қолтығынан демеп, TRIPP («Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты») стратегиялық келісіміне қол қою арқылы қолдау көрсеткен.
«Мәскеудің басты үміті болған «Қуатты Армения» 23,3 пайыз, Путиннің жандосы Роберт Кочарянның «Армения» блогы 9,9 пайыз жинағанымен, аталған көрсеткіш билікті басып алуға жетпейді. Дауыс беру қорытындысы халықаралық деңгейде мойындалды. Ең қызығы, тосын сый Астанадан жетті. Президент Тоқаевтың Пашинянды алғашқы болып құттықтауы Кремльді есеңгіретіп тастағандай әсер қалдырды. Ақорда осы арқылы Ереванмен ерегесе беруді қаламайтынын аңғартып, Ресейдің арынын тежеді», — дейді Жұмахан.
Алайда Путиннің аймақтағы бақылауды оңай бере салмасы анық, сайлау Кремль үшін ұтылған майдан болғанымен, даудың көкесі әлі алда. Ереванды бұдан да қатерлі сынақ, Ата заңды өзгерту жөніндегі референдум күтіп тұр. Маңызды науқан Бакумен бейбіт келісімге келудің басты шарты.
«Референдум ойдағыдай өтсе, Мәскеудің ықпалын біржола жойып, Арменияның Еуроодаққа жолын ашады. Кремль мұны бұғаттаудың барлық амалын қарастыруға тырысады, неше түрлі айла-шарғы қолданады. Сайлаудың аяқталуы финал емес, Кремльмен текетірестің жаңа, анағұрлым шиеленісті фазасына өтуі ғана», — деп түйіндеді Нұрлан Жұмахан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







