Астанада «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы тұрғындар ұсынған ондаған аула абаттандырылды. Балалар мен спорт алаңдары салынып, жарықтандыру, көгалдандыру және демалыс аймақтарын жаңарту жұмыстары жүргізілді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба елорда тұрғындарына өз ауласындағы өзекті мәселені анықтап, оны шешуге арналған бастаманы дауысқа ұсынуға мүмкіндік береді. Қолдау жинаған жобалар қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл Астананың алты ауданында мақұлданған ұсыныстардың басым бөлігі орындалды.
Есіл ауданында «Адина», «Венский квартал», «Арман қала 4», «Арман қала 5» және «Лазурный квартал» тұрғын үй кешендеріндегі аумақтарды жаңарту мақұлданған. Төрт нысанда жұмыс толық аяқталып, тұрғындардың пайдалануына берілді. «Лазурный кварталдағы» абаттандыру да мәреге жақындады.
Алматы ауданында 25-тен астам аула жаңғыртылды. Жұмыс Момышұлы, Абылай хан, Жұмабаев даңғылдары мен Рысқұлбеков, Күйші Дина, Мұстафин, Манас және Мүсірепов көшелерін қамтыды. Аулаларға заманауи ойын кешендері, әткеншектер, құмсалғыштар және қауіпсіз тартан жабыны орнатылды.
Сарайшық ауданында 11 аула абаттандырылды. Жаңарған нысандар Жүргенов, Әзірбаев және Байтұрсынұлы көшелері мен Қошқарбаев даңғылында орналасқан. Нұра ауданында мақұлданған сегіз жобаның алтауы толық аяқталып, тағы екі нысанды бітіру жоспарланған.
Тұрғын ұсынысы нақты жобаға айналды
Байқоңыр ауданында жобаға қатысу үшін 15 өтінім түсті. Отырар, Жақып Омаров, Бараев көшелері мен Республика және Абай даңғылдарындағы аулалар кешенді жаңғыртылды. Тозған алаңдардың орнына балалар ойнайтын, тұрғындар демалатын және спортпен айналысатын қауіпсіз кеңістіктер жасалды.
Сарыарқа ауданында он ауладағы абаттандыру жұмысы аяқталды. Тағы төрт мекенжайда құрылыс пен жаңарту жалғасып жатыр. Жоба Титов, Күмісбеков, Бейбітшілік, Біржан сал, Құтпанов, Сейфуллин көшелері мен Жеңіс, Тілендиев және Сарыарқа даңғылдарын қамтыды.
Жаңартылған аулаларда сыртқы жарықтандыру жүйесі жасалып, орындықтар, қоқыс жәшіктері және шағын сәулет нысандары қойылды. Спорт алаңдары мен демалыс орындары салынып, аумақтарға асфальт және қауіпсіз жабын төселді. Көгалдандыру жұмысы ауланың қолайлылығын арттырып, қалалық ортаның келбетін жақсартты.
«Халық қатысатын бюджет» тұрғынның ұсынысын нақты инфрақұрылымдық жобаға айналдыратын тиімді тетікке айналып келеді. Жоба арқылы қала билігі аулаға қандай нысан қажет екенін тұрғындардың таңдауына сүйеніп анықтайды. Биыл Астана әкімдігі жалпы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті, соның ішінде саябақтар, гүлзарлар және желекжолдарды абаттандыруды жоспарлаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







