Audi 1999-2005 жылдары шығарылған шағын A2 моделін электрлі көлік ретінде қайта таныстырды. Қалаға арналған жаңа A2 e-tron үнемділігімен, заманауи технологиясымен және 646 шақырымға жететін жүріс қорымен ерекшеленеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Электромобильдің Германиядағы бастапқы бағасы 38 200 еуро немесе шамамен 20,1 млн теңге болады. Жақсы жабдықталған нұсқалары 51 мың еуроға, яғни 27 млн теңгеге дейін барады. Тапсырыс қабылдау 10 қыркүйекте басталып, алғашқы көліктер дилерлерге желтоқсанда жеткізіледі.
A2 e-tron-ның басты артықшылығы – энергияны аз тұтынуы. Тиімділік пакеті орнатылған нұсқа WLTP циклі бойынша 100 шақырымға небәрі 12,8 кВт·сағ электр жұмсайды, сондықтан Audi оны марка тарихындағы ең үнемді модель деп атады. Электромобильдің ең жоғары жүріс қоры 646 шақырымға жетеді.
Барлық нұсқа артқы оське орнатылған бір электр қозғалтқышымен жабдықталады. Қуаты комплектациясына қарай 170-тен 326 ат күшіне дейін өзгереді, ал аккумулятор сыйымдылығы 52, 61 және 84 кВт·сағ болады. Соған сәйкес бір қуаттаумен жүретін қашықтық 423-646 шақырым аралығын қамтиды.

Жылдам қуаттау станциясында батареяны 10 пайыздан 80 пайызға дейін шамамен 24 минутта толтыруға болады. Ең жоғары қуаттау жылдамдығы нұсқасына қарай 100-183 кВт шамасында болады. Он минуттық қуаттау көлікке тағы 210 шақырымға дейін жол жүруге жететін энергия береді. Audi ресми сайты
Жаңа модель бұрынғы A2-нің жұмыр пішінін сақтағанымен, шағын кроссоверге ұқсайтын биік шанақ алды. Көліктің ұзындығы 4,32 метр, ені 1,79 метр, биіктігі 1,56 метр, ал доңғалақ базасы 2,77 метрге тең. Жүксалғыш көлемі 396 литр болса, артқы орындықтар жиналғанда 1336 литрге дейін ұлғаяды.
Салонда 11,9 дюймдік аспаптар панелі мен 12,8 дюймдік мультимедиа экраны бір иілген кешенге біріктірілген. Мультимедиа жүйесіне күрделі дауыстық пәрмендерді орындайтын ChatGPT негізіндегі көмекші енгізілген. Салонның әр бөлігіне аксессуарларды бекітуге арналған магнитті нүктелер де орналастырылған.
Бастапқы бағаны төмендету үшін бірқатар жабдық қосымша опциялар қатарына шығарылды. Олардың арасында суық кезде жүріс қорын сақтауға көмектесетін жылу сорғысы, панорамалық шатыр, проекциялық дисплей және Vehicle-to-Home жүйесі бар. Соңғы технология көлік аккумуляторындағы электр қуатын үй желісіне беруге мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







