Азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңес жұмысы ел ішіндегі талап-тілекті жүйелі түрде жеткізетін маңызды арнаға айналып келеді. Қоғам белсендісі Баян Ахатайдың айтуынша, қоғамдық кеңестің күші халықтың нақты мәселесін тыңдап, билікпен ашық әрі сындарлы диалог құрғанымен байланыстырып отырғанын айтты. Осы ретте Ertenmedia.kz Баян Ахатай ханымға жұрттың көкейінде жүрген біраз сауалдарды қойып тұщымды жауап алда.
– Баян Орынбасарқызы, қоғамдық кеңестердің бүгінгі қоғамдағы рөлін қалай бағалайсыз?
– Қоғамдық кеңес халық пен биліктің арасында тұрған жай ғана кеңесші құрылым емес. Ол азаматтардың үнін жүйелі жеткізетін, мемлекеттік шешімге қоғамдық көзқарас қосатын, жауапты органдардың жұмысына сырт көзбен қарайтын маңызды алаң.
Біз көп жағдайда мәселе ушығып кеткенде ғана қоғамды тыңдай бастаймыз. Ал қоғамдық кеңестің міндеті сол мәселені ертерек көру, ел ішіндегі көңіл күйді байқау, ұсынысты дер кезінде жеткізуді мақсат тұтады. Бүгінде халықтың айтары көп. Бірақ сол сөз нақты арнаға түспесе, ол ашу-ызаға айналып кетуі мүмкін. Қоғамдық кеңес осы ашуды ұсынысқа, ұсынысты шешімге жақындататын алтын көпір міндетін атқарып отыр.
Біздің ұйым бұған дейін де әлеуметтік бағыттағы түрлі бастаманы жүзеге асырып келді. Қоғамдық маңызды мәселелерді көтеру, азаматтық белсенділікті арттыру, өңірлердегі түйткілді жауапты органдарға жеткізу бағытында тәжірибеміз бар.
Қазір Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қоғамдық кеңестер жұмысын жетілдіруге арналған жобасына қатысып, жұмысымынды өрістеріп жатқан жайымыз бар.
Себебі біздің командамызда республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестермен жұмыс істеген азаматтар бар. Олар қоғамдық кеңестің ішкі мүмкіндігін де, әлсіз тұсын да жақсы біледі. Біз осы тәжірибені қағазда қалдырмай, нақты ұсыныс пен нәтижеге айналдырғымыз келеді.
– Қоғамдық кеңестің жұмысы тиімді болуы үшін қандай өзгерістерді қолға алу керек?
– Біріншіден, кеңес мүшелерінің кәсіби дайындығы күшеюі керек. Қоғамдық кеңеске белсенді адам келуі жақсы, бірақ белсенділікпен бірге құқықтық сауат, бюджетті түсіну, қоғамдық бақылау құралдарын меңгеру қажет.
Екіншіден, ашықтық керек. Кеңестің қандай мәселе қарағанын, қандай ұсыныс бергенін, сол ұсыныстың тағдыры не болғанын халық білуі тиіс. Үшіншіден, кері байланыс жүйелі болуы керек. Тұрғын арыз айтты, кеңес оны көтерді, жауапты орган не істеді осы тізбек үзілмеуі қажет.
Бір тұрғын бірнеше мекемеге барып, жауап ала алмаса, ол мәселені жеке басының ғана емес, бүкіл жүйенің кемшілігі ретінде қабылдайды. Ал қоғамдық кеңес осындай жағдайда арадағы көпір болуы шарт.
Бірақ көпір болу үшін екі жаққа да әділ қарау керек. Халықтың сөзін билікке жеткізу бар, биліктің нақты мүмкіндігін халыққа түсіндіру де бар. Кейде мәселенің бірден шешілмеу себебі қаржыға, заңға, жоба мерзіміне байланысты болады. Мұны да ашық айту керек. Ашықтық бар жерде түсіністік пайда болады.
– Қоғамдық кеңес сын айту алаңы ма, әлде серіктестік алаңы ма?
– Екеуі де бар. Бірақ сын мәдениетті, дәлелді, шешімге бағытталған болуы керек. Қоғамдық кеңестің мақсаты біреуді кінәлау емес, мәселені түзету. Егер сын тек эмоцияға құрылса, ол нәтиже бермейді.
Ал нақты дерек, нақты ұсыныс, нақты мерзім болса, жауапты орган да оны елемей өте алмайды. Қоғамдық кеңес билікке қарсы тұрған құрылым емес, қоғам мүддесін қорғап, билікті сапалы жұмыс істеуге ынталандыратын серіктес институт болуы керек.
Бүгінде жастар қоғамдық кеңесті кейде үлкен кісілердің отырысы деп қабылдауы мүмкін. Ал шын мәнінде, жастардың мәселесі көп Жұмыс, баспана, білім, қауіпсіздік, интернет, кәсіп бастау, волонтерлік, ауылдан қалаға бейімделу секілді қадау-қадау мәселелері бар. Осындай тақырыптар қоғамдық кеңестің күн тәртібінде жиі тұруы керек.
Жас адам кеңесте өзіне қатысты мәселе қаралып жатқанын көрсе, қызығады. Оны тек тыңдаушы емес, ұсыныс беруші, талқылауға қатысушы, қоғамдық бақылаушы ретінде тарту қажет.
– Қоғамдық бақылау дегенді қарапайым тілмен қалай түсіндіресіз?
– Қоғамдық бақылау халықтың мемлекет жұмысына сырт көзбен қарап, оның сапасын сұрауы. Мысалы, ауылға су тартылды делік. Қағазда жоба аяқталды деп жазылуы мүмкін. Бірақ тұрғын суды кестемен ішіп отырса, онда мәселе бар.
Мектеп жөнделді делік, бірақ балаға жағдай жасалмаса, сапаға сұрақ туады. Қоғамдық бақылау осындай жерде керек. Ол тек тексеру емес, әділдік сұрау. Халықтың салығы, мемлекеттің қаржысы, ортақ мүлік дұрыс жұмсалуы тиіс.
– Қоғамдық кеңес мүшесіне қандай қасиет керек?
– Ең алдымен, адалдық керек. Екіншіден, сабыр керек. Үшіншіден, білім керек. Қоғамдық кеңес мүшесі халықтың эмоциясын да көтере білуі, биліктің тілін де түсінуі, заң мен бюджетті де қарауы қажет. Төртіншіден, тәуелсіз ой керек. Егер кеңес мүшесі тек мақұлдап отыратын адамға айналса, оның қоғамға пайдасы азаяды. Бірақ тәуелсіздік деген айғай емес. Ол –з пікіріңді дәлелмен, мәдениетпен, жауапкершілікпен айту.
– Қорытындылай айтқанда, азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңестер елге не береді?
– Азаматтық қоғам елге сергектік береді. Қоғамдық кеңес сол сергектікті жүйелі арнаға түсіреді. Егер халық үнсіз қалса, мәселе жинала береді. Егер билік халықты тыңдамаса, сенім азаяды.
Ал екеуінің арасында ашық, сауатты, жауапты диалог болса, шешім де сапалы болады. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Қоғамдық кеңес халықтың даусын жеткізетін, биліктің шешімін түсіндіретін, ортақ жауапкершілікті күшейтетін нағыз азаматтық алаңға айналуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







