Алматы облысының Балқаш ауданында 90 тұрғын жаңа үйдің иесі атанды. Қоныстой Жеңіс күні қарсаңында ұйымдастырылды. Жаңа үйлер Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік тұрғын үй саясаты шеңберінде салынған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған. Жаңа үйлер әлеуметтік осал топ өкілдері мен тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға берілді.
Тұрғын үйлер Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында және Ақдала ауылында орналасқан. Жалпы 90 үйдің 82-сі Бақанаста, 8-і Ақдалада салынған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған.
Әрбір үй заманауи талапқа сай тұрғызылып, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Тұрғын үйлер электр, су және газ жүйесіне қосылған. Үш бөлмелі үйлердің жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрайды.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық мәслихат депутаттары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аудан әкімі халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында жаңа үйлердің тапсырылуы ерекше мағынаға ие.
Азат Құтпанбетов тұрғын үй саясаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ол жыл сайын жаңа үйлер салынып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Жаңа баспаналар «Отбасы банк» АҚ тізімі бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Аудан әкімі қоныс иелеріне жаңа үйлерінде бейбіт өмір, молшылық пен отбасылық бақыт тіледі.
Балқаш ауданындағы бұл жоба ауылдық жердегі тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған нақты әлеуметтік бастамалардың бірі болып отыр. Жаңа үйлер тек баспана ғана емес, көптеген отбасы үшін тұрақтылық пен жаңа өмір кезеңінің бастауы саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







