Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов інісі Нұрғанаттың өліміне қатысты істің мән-жайын айтты. Ол әлеуметтік желіде видео жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Мынау — біздің Азат ауылы, Шерзаттың жатқан жері. Осы бейіттің басына түнде бір кісілер автокөлік осында деп айтқаннан кейін келдік. Мына жерде автокөлік түнде тұрады. Есігі ашық. Көлік оталып тұрған болуы керек. Есімде анық жоқ. Бауырымды іздеп жүріп не болып жатқанын нақты түсіне алмадым. Осы жермен жалғыз із жүреді де, түседі. Мына жерде жар бар. Әрі қараса жол бар. Шамамен 7-8 метр жар. Осы жардан әрі қарай түседі. Мына жерден адам түсуі мүмкін емес. Осы бағыттан түсіп, 700 метр жолға қарай жақындайды. Жардың бойымен түседі, ізі тұр. 500-700 метрдей жер бар. Сонымен барып, жолдың бойында отырып, бауырым өліп қалған ғой. Екі таудың ортасы. Түнде жалғыз өзі.
Біздің үйге жақындап қалдық. Мына бетонның, қоршаудың артында, талдың артында екі аяғы жерге тиіп тұр. Бүктеліп отырған күйінде осы жерден тауып алдым. Мойнында сым дейміз бе, сол ғана тұр екен. Бұтаққа байланған. Осы жерден бауырымды алып шықтым», — деді ол.
Еске салайық, бүгін Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылғанын хабарлады. Бұл Шерзаттың ағасы екені анықталды.
Полиция марқұм Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын да мәлімдеді.
«Марқұмның отбасына қатысты қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің сөзінше, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлікпен кетке. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жарияланбайды», — деп жазылған хабарламада.